Жоғары санатты акушер-гинеколог, эксперт дәрігер Сәуле Жақанова – денсаулық сақтау саласында 35 жылдан астам уақыт бойы маңдай терін төгіп, ана мен бала денсаулығын қорғауға зор үлес қосып келе жатқан білікті маман.
Сәуле Саменқызы 1989 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын тәмамдап, дәрігер мамандығын меңгерген. 1990 жылы еңбек жолын біріккен облыстық перзентханада ординатор дәрігер болып бастап, кәсіби білімі мен жауапкершілігі, еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында бірқатар жауапты қызметтерді абыроймен атқарды.
2000 жылдан бастап обсервация бөлімінің меңгерушісі, 2005 жылдан босану бөлімінің меңгерушісі, ал 2013 жылдан ІІ акушерлік бөлімшенің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Осы жылдар ішінде ол акушерлік-гинекологиялық көмектің сапасын арттыруға, ана мен бала денсаулығын нығайтуға және медициналық қызметтің тиімділігін жетілдіруге өз еңбегімен үлес қосты.
Білімін үнемі жетілдіріп, кәсіби дамуға ұмтылатын Сәуле Саменқызы Литва Денсаулық ғылымдары университетінде «Денсаулық сақтау менеджменті» бағыты бойынша қайта даярлаудан өтті. 2016 жылы Польша Республикасының Қоғамдық денсаулық мектебінде болып, денсаулық сақтау менеджменті саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеді.
Кәсіби ортада білікті дәрігер ғана емес, тәжірибелі тәлімгер ретінде де танылған Сәуле Саменқызы жас мамандарға өз білімі мен көп жылғы тәжірибесін үйретіп, олардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына бағыт-бағдар беріп келеді. Оның еңбек жолы – өз ісіне адалдықтың, жауапкершіліктің және үздіксіз ізденістің жарқын үлгісі.
Ана мен бала денсаулығын қорғау саласына сіңірген елеулі еңбегі үшін Сәуле Саменқызы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Кәсіби саладағы ерен еңбегі үшін» (2011 ж.), «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» (2014 ж.), «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» (2017 ж.), «Халық алғысы» (2020 ж.), «Жыл үздігі – 2022» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі – 2022» марапаттарына ие болды. Сонымен қатар облыс және қала әкімдерінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарымен бірнеше мәрте марапатталған