Жастарға мүмкіндік беру – елдің еңбек әлеуетін арттырудың маңызды шарты. Ал жас мамандардың кәсіби қалыптасуына қолдау көрсету – бүгінгі бастама ғана емес, болашақтағы білікті кадрлар сапасына бағытталған нақты қадам.
Осы бағыттағы кәсіподақтың жастар бастамаларының бірі – 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Қызылорда облысында ұйымдастырылған «Smart Ustaz Camp – 2026» жас педагогтердің облыстық жазғы лагері.

Лагерьге облыстың барлық аудандарынан және Қызылорда қаласынан 50 жас педагог қатысып, кәсіби білімдерін жетілдіріп, тәжірибе алмасты және жаңа орта қалыптастырды. Бірнеше күнге жалғасқан жоба жас мамандар үшін білім мен тәжірибе тоғысқан, жаңа идеялар мен кәсіби байланыстарға жол ашқан тиімді алаңға айналды.
Бағдарлама барысында қатысушылар заманауи білім беру технологиялары, жасанды интеллект және цифрлық мүмкіндіктер бағытында жаңа білім алып, оларды кәсіби қызметте тиімді қолдану жолдарын қарастырды. Сонымен қатар көшбасшылық, тиімді коммуникация, шығармашылық және командалық жұмыс бағыттарында өз қабілеттерін шыңдады.

Спорттық сайыстар мен түрлі челлендждер де жастардың белсенділігін арттырып, ұйымшылдық пен командалық рухты қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Мұндай жобалардың маңызы – жас маманның тек кәсіби білімін жетілдіруімен шектелмейді. Оның жаңа технологияларды меңгеруі, көшбасшылық қабілетін дамытуы, әріптестерімен тәжірибе алмасуы – жеке кәсіби өсуімен қатар, тұтас білім беру саласының дамуына қосылған үлес.
Бүгінгі еңбек нарығы білімімен қатар, ізденуге, жаңашылдыққа және цифрлық өзгерістерге бейім, бастамашыл әрі көшбасшылық қабілеті қалыптасқан мамандарды қажет етеді. Сондықтан жастардың кәсіби әлеуетін ашуға бағытталған осындай бастамалар еңбек болашағын қалыптастырудың маңызды тетігі болып табылады.
Бүгінгі жас ұстаз – ертеңгі білім саласының көшбасшысы. Ал жастарды қолдау – еңбек болашағына инвестиция.