Еңбек әулеті - спорттағы сабақтастық пен жеңістің жолы

Салалық және өңірлік жаңалықтар 14.08.2026

Еңбек әулеті - спорттағы сабақтастық пен жеңістің жолы

Спорт саласында өз еңбегімен ел абыройын арттырып, кәсіби тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жалғап келе жатқан әулеттер бар. Солардың бірі - Түркістан қаласындағы Файзиевтер әулеті. Бұл отбасының өмір жолы спортпен біте қайнасып, ұстаз бен шәкірт, әке мен бала арасындағы сабақтастықтың жарқын үлгісіне айналған.

 

      Әулеттің үлкені - Файзиев Марат Хамзаұлы. Ол 1971 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. 1992 жылы Алматы қаласындағы Мемлекеттік дене шынықтыру және спорт институтын «Спорт және дене тәрбиесі» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Түркістан қалалық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің самбо күресі бөлімінде жаттықтырушы болып бастаған.

 

 

 

     Марат Хамзаұлының спорттағы еңбегі жылдар өте өз нәтижесін берді. 1997 жылы қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын иеленді. Жаттықтырушы ретінде де көптеген жетістіктерге қол жеткізді. 2006 жылы оның шәкірті Мәди Құрымбаев қазақ күресінен Әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, Марат Хамзаұлына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді. Ал 2018 жылы өз ұлы Хамза Дидар дзюдодан жазғы Азия ойындарында жеңіске жетіп, Марат Хамзаұлы дзюдодан да Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанды.

 

     Марат Хамзаұлының спорттағы жолы бүгінде ұлдары арқылы жалғасып келеді. Соның бірі - Хамза Дулат Маратұлы. 1995 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген Дулат жоғары білім алып, 2017 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітірді. Сол жылы еңбек жолын Әбдісалан Нұрмаханов атындағы олимпиада резервін дайындайтын мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер облыстық спорт мектебінің дзюдо бөлімінде жаттықтырушы болып бастады.

     2015 жылы дзюдодан Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындаған Дулат Маратұлы жаттықтырушы ретінде де биік нәтижелерге жетті. 2025 жылы Токиода өткен жазғы Сурдолимпиада ойындарында оның шәкірттері жоғары нәтиже көрсетті. Айдарбек Тоқтарбек күміс жүлдеге ие болса, Қуандық Шадияр чемпион атанды. Сонымен қатар Қазақстан құрамасы командалық сайыста Сурдолимпиада ойындарының жеңімпазы болды.

 

      Осы жетістіктері үшін Хамза Дулат Маратұлына 2026 жылы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің бұйрығымен дзюдодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді. Бүгінде ол жаттықтырушылық қызметпен қатар Түркістан облыстық олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.

 

      Дулат Маратұлының шәкірттері арасында халықаралық және республикалық жарыстарда жүлде алған спортшылар бар. Айдарбек Тоқтарбек - Сурдолимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Әлем чемпионатының, Азия ойындарының және Азия чемпионатының жеңімпазы. Қалмырза Аяулым, Әбітай Ерасыл, Тілеубек Айбар, Сейітқасым Аружан және Хамза Мағжан да өз спорт түрлерінен республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр.

      Ұстаздық еңбектің тағы бір маңызды нәтижесі - шәкірттерінің спорт саласында қызмет етіп, өзінен кейінгі буынды тәрбиелеуі. Дулат Маратұлының алғашқы шәкірттерінің бірі Әбітай Нұрбақ бүгінде Түркістан облысының №7 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі басшысының орынбасары қызметін атқарады.

 

     Файзиевтер әулетінің спорттағы сабақтастығы Хамза Дидар Маратұлының жетістіктерінен де айқын көрінеді. 1997 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген Дидар 2018 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітірген. Дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

 

     Дидар Маратұлы жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының бес дүркін чемпионы атанды. Халықаралық аренада да бірнеше рет жүлдеге ілікті. 2012 жылы Азия чемпионатында жеңіске жетіп, «Азия балалары» халықаралық ойындарының күміс жүлдесін иеленді. 2013 жылы Еуразия ойындарының жеңімпазы болып, сол жылы Майамиде өткен Әлем чемпионатында қола жүлде алды. 2014 жылы Азия чемпионатында топ жарды.

     Ересектер арасындағы жарыстарда да Дидардың жетістіктері жалғасты. 2016 жылы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанып, Бразилияда өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. 2017 жылы Әлем чемпионатында қола жүлде иеленді. 2018 жылы Джакартада өткен жазғы Азия ойындарының жеңімпазы атанды. 2021 жылы Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. 2022 жылы Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды.

 

    Осылайша, Файзиевтер отбасының әр буыны спортқа өзіндік үлесін қосып келеді. Марат Хамзаұлы - білікті жаттықтырушы әрі спорт шебері ретінде негіз қалаған болса, оның ұлдары Дулат пен Дидар әке жолын жалғастырып, спорттағы кәсіби сабақтастықты жаңа деңгейге көтерді.

 

    Бұл әулеттің ерекшелігі - жетістіктің тек медальмен өлшенбеуінде. Мұнда спортқа деген адалдық, ұстаздық еңбек, шәкірт тәрбиесі және отбасылық өнеге бір арнаға тоғысқан. Әке тәжірибесі балаға бағыт берсе, балалардың жетістігі әулеттің еңбегін одан әрі жалғастырып келеді.

 

     Файзиевтер әулетінің өнегесі - еңбек пен табандылықтың, кәсіби сабақтастықтың және спортқа деген шынайы сүйіспеншіліктің нәтижесі. Бір әулеттің бірнеше буынының спорт саласында қатар еңбек етуі - еңбектің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ел спортының дамуына қызмет ететінінің айқын көрінісі.