Ақ халатты абзал жандар: Ұрпақтан ұрпаққа жалғанған дәрігерлік жол

Салалық және өңірлік жаңалықтар 17.08.2026

Ақ халатты абзал жандар: Ұрпақтан ұрпаққа жалғанған дәрігерлік жол

Еңбекпен елге танылу – әр азаматтың маңдайына жазылған мәртебе емес, маңдай термен келетін абырой. Ал сол еңбектің ізін ұрпақ жалғастырып, бір кәсіпке бірнеше буынның ғұмырын арнауы – әулет сабақтастығының айқын көрінісі. Осындай елге қызмет етуді өмірлік ұстаным еткен, кәсібін ұрпағына аманаттаған әулеттердің бірі – Наршабаевтар отбасы.


Қазалы өңіріне танымал Наршабаевтар әулетінің өмір жолы – еңбекке адалдық пен мамандыққа деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Бір шаңырақтан түлеген бірнеше ұрпақтың өмірін медицина саласына арнауы – елге қызмет етудің, халық денсаулығын қорғаудың үлкен жауапкершілігін сезінгендігінің айғағы.


Әулеттің үлкені Көбек Наршабаев саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған тәжірибелі дәрігер, ел құрметіне бөленген азамат. Ұзақ жылғы адал еңбегі еленіп, түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болған. Ол «КСРО санитарлық қорғаныс үздігі» төсбелгісімен марапатталып, денсаулық сақтау саласындағы «Үздік дәрігер» атағын иеленген. Төрт мәрте ауданның «Жыл дәрігері» атанған абзал жанға 2012 жылы «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағы берілген.


Көбек Наршабаевтың еңбек жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі. Оның ізін жалғаған балалары да ақ халатты абзал жан болуды таңдап, халық денсаулығын қорғау жолында қызмет етіп келеді.
Бақытжан Наршабаев – уролог-андролог, медицина саласында кәсіби білімі мен тәжірибесін ел игілігіне бағыттап жүрген маман. Ал Раушан Наршабаева – терапевт дәрігер. Әке салған сара жолды жалғаған ұл-қыздың әрқайсысы өз мамандығына адалдық танытып, дәрігерлік міндеттің жауапкершілігін абыроймен атқарып келеді.
Наршабаевтар әулетінің ерекшелігі – олардың ортақ кәсіби таңдауы ғана емес, еңбекті өмірлік ұстанымға айналдыруында. Бір әулеттің бірнеше өкілінің медицина саласында еңбек етуі – отбасындағы тәрбие мен үлкенге құрметтің, мамандыққа деген сүйіспеншіліктің нәтижесі.


Бүгінде Қазалы жұртшылығы құрмет тұтатын бұл әулет «Үздік дәрігерлер әулеті» аталымының иегері атанып, еңбектің сабақтастығын көрсетіп келеді. Әкеден балаға жалғасқан мамандық – бір отбасының ғана жетістігі емес, тұтас өңірдің рухани қазынасы.
Наршабаевтар әулеті – Қазалы орталық аудандық ауруханасының дамуына өз үлесін қосып, адал еңбекті ардақтап, адам денсаулығын қорғауды өмірлік мұрат еткен еңбек әулеті.