Күзетші – кез келген ұжымның тыныштығы мен қауіпсіздігін кірпік қақпай күзететін жауапты маман. Әрбір мекеменің амандығы, мүліктің бүтіндігі мен ондағы адамдардың амандығы ең әуелі осы саланы серік еткен жандардың қырағылығына тікелей байланысты.
Бүгінгі «Еңбек адамы» айдарының кейіпкері – өнегелі өмір жолымен өзгелерге үлгі болып жүрген Манатбек Ақжанұлы Ерсұлтанов. 1966 жылы 10 маусымда Абай ауданының Қарауыл ауылында дүниеге келген кейіпкеріміздің еңбек жолында 37 жылдық мол тәжірибе бар. Бұл елеулі еңбек өтілінің соңғы 18 жылын ол Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Абай ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде» өткізіп, белсенді кәсіподақ мүшесі ретінде де абыройлы қызмет атқарып келеді.
Манатбек Ақжанұлы – өз ісінің білікті маманы, еңбек тәртібін бекем ұстанатын жауапты қызметкер. Ол жүктелген міндеттерге қашан да тиянақты қарайды: мекеме аумағындағы қоғамдық тәртіпті жіті қадағалап, ғимарат пен материалдық құндылықтардың амандығын басты назарда ұстайды.
Тәулік бойғы кезекшілік кезінде де қырағылық танытып, келушілер мен көлік қозғалысын бекітілген тәртіп бойынша жіті тексереді. Өрт қауіпсіздігі мен төтенше жағдайлардың алдын алу, ішкі тәртіп талаптарының бұлжытпай сақталуы – оның күнделікті жұмысындағы басты ұстанымы.
Ұжым арасында да Манатбек Ақжанұлының беделі биік. Сөзі сабырлы, ісі ұқыпты, мінезі жайлы азамат әріптестерімен де тез тіл табыса біледі. Кәсіподақ ұйымының қоғамдық жұмыстарына білек сыбана араласады. Осылайша мекемедегі тыныс-тіршіліктің бірқалыпты ырғақта жүруіне өзіндік үлесін қосып жүр.
Табанды атқарылған жылдар елеусіз қалмады. Көпжылдық адал еңбегі, мінсіз қызметі мен мекеме қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі сүбелі үлесі үшін ол «Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы» ҚБ-ның «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Өз ісіне адал еңбек адамының бұл марапаты – жылдар бойы төгілген тердің әділ бағасы.