«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқаны аясында Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының Қызылорда облысының филиалында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қатысуымен мазмұнды кездесу өтті.

Жиынға Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының Алматы облыстық филиалының төрағасы Ахмадиева Сауле Құрмешқызы және облыстағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Кездесу барысында бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқанның мақсаты мен міндеттері кеңінен түсіндіріліп, кәсіподақ қозғалысын одан әрі нығайту, еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау, бастауыш ұйымдардың белсенділігін арттыру мәселелері сөз болды. Сонымен қатар еңбек қатынастарын жетілдіру, әлеуметтік әріптестікті нығайту, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, ұжымдардағы еңбек жағдайы мен әлеуметтік қолдауға қатысты ортақ мәселелер талқыланды.

Бастауыш ұйым өкілдері өзара тәжірибе алмасып, жұмыс барысында кездесетін өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары жөнінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Мұндай кездесулер – кәсіподақ мүшелерінің үнін естіп, өзекті мәселелерді ашық талқылап, ортақ шешімге келудің маңызды алаңы.
Айта кетерлігі, биыл Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағына 30 жыл толып отыр. Үш онжылдық бойы сала жұмыскерлерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған кәсіподақ жұмысы бүгінде жаңа бастамалармен жалғасып, еңбек адамының игілігіне бағытталған маңызды жобалармен толығуда.