Спорт саласының үздіктері ұлықталды

Салалық және өңірлік жаңалықтар 19.08.2026

Спорт саласының үздіктері ұлықталды

«Салалық мәдениет, спорт, ақпарат және туризм қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Ақтөбе облыстық филиалы Спорт күніне орай салтанатты шара өткізді.
Кәсіподақ құрамында спорт саласына қатысты 50-ге жуық мекеме бар. Мерекелік шара барысында спорт саласында еңбек етіп жүрген 80-нен астам қызметкерге құрмет көрсетіліп, еңбектері еленді.
Салтанатты жиынға спорт саласының ардагерлері, кәсіподақ төрағалары және әлеуметтік серіктестік өкілдері қатысты. Шараға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, самбодан әлем чемпионы, Азияның 10 дүркін чемпионы, қалалық мәслихат депутаты Райса Балиева қатысып, сала қызметкерлеріне ізгі тілегін білдірді.

 


Мерекелік шараның сәнін белгілі әнші, «Еңбек Даңқы» медалінің иегері Қоянбай Тобағабылов келтірді. Париж сахнасында өнер көрсеткен өнерпаз спортшылар мен сала қызметкерлеріне әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қазақтың әйгілі әншісі Әміре Қашаубаевтан кейін Париж төрінде қазақ әнін әуелеткен өнерпаздың өнері көпшілікке ерекше әсер қалдырды.

Шара барысында 25 жылдан астам еңбек өтілі бар үш қызметкер «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар бірқатар сала қызметкерлеріне Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.