Еңбек адамы – бұл жай ғана мамандық иесі немесе еңбек кітапшасындағы жазба емес. Бұл – жауапкершілікке, өз ісіне адалдыққа және еңбегін құрметтеуге негізделген өмір жолы. Сәуле Құлмағанбетованың тағдыр жолы – қарапайым еңбекті абырой тұтып, оны отбасылық құндылыққа айналдырған жанның еңбекке деген адалдығының айғағы.

Сәуле Дәулетбекқызы Құлмағанбетова 1969 жылы Целиноград облысы Краснознаменский ауданындағы «Коммуна» совхозында еңбек адамының отбасында дүниеге келген. Төрт баланың екіншісі болып өсті. Ол бала кезінен еңбекті өмірдің ажырамас бөлігі, отбасының берекесі мен абыройының негізі деп білетін ата-анасының өнегесін көріп өсті.
Майшұқыр орта мектебін тәмамдағаннан кейін Сәуле Құлмағанбетова Қотыркөл совхоз-техникумына оқуға түсіп, «ветеринария» мамандығын меңгерді. 1989 жылы оқуын аяқтап, еңбек жолын туған «Коммуна» совхозында бастады. 1996 жылға дейін ветеринариялық фельдшер болып жұмыс істеп, алғашқы кәсіби тәжірибесін жинақтады.
Кейін тағдыр жолы оны Қарағанды облысына алып келді. Баршын ауылындағы аудандық ауруханада аспаз болып еңбек етті. Алайда Сәуле Дәулетбекқызы өзіне етене жақын істі абаттандыру және көгалдандыру саласынан тапты. Бұл бағытта ол ғұмырының елеулі бөлігін арнады.

2005 жылдан бері ол «Астана-Көгалдандыру» жүйесінде еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде бұл жұмыс ол үшін жай ғана кәсіп емес, өмірінің бір бөлшегіне айналды. Қаланы абаттандыру мен көгалдандыруға бағытталған күнделікті еңбек төзімділікті, жауапкершілікті, тәртіпті және өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілікті талап етеді.
Сәуле Құлмағанбетованың еңбек жолының бүгінде отбасылық династияға ұласуының да өзіндік мәні бар. Оның жанында жолдасы Жұмабай Құлмағанбетова пен үлкен қызы Айдана бірге еңбек етеді. Олар бір бригада құрамында жұмыс істеп, бір-біріне тек отбасында ғана емес, еңбек жолында да қолдау көрсетіп келеді.
«Жұмыс адал әрі сапалы орындалуы керек. Сонда ғана оның нәтижесі көңілге қуаныш сыйлайды», – деген қағида Сәуле Дәулетбекқызының кәсіби жолының негізгі ұстанымына айналған. Бұл құндылық бүгінде отбасының кейінгі буынына да үлгі болып келеді.
Көп жылғы адал еңбегі үшін Сәуле Дәулетбекқызы бірқатар марапаттарға ие болды. 2021 жылы ол «Астана-Көгалдандыру» кәсіпорнының құрылғанына 70 жыл» медалімен, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» төсбелгісімен марапатталды.

Бүгінде Сәуле Құлмағанбетова өзіне таңдаған кәсібіне адал болып, еңбек жолын жалғастырып келеді. Оның артында ондаған жылдық еңбек тәжірибесі, күн сайын атқарылған сан мыңдаған маңдай терлі жұмысы бар.
Жалпы, Құлмағанбетовтер отбасының еңбек жолы – адал еңбектің абыройы мен отбасы бірлігінің өзара сабақтас екенін аңғартады.