Адамның абыройы - атқарған қызметінің атағымен емес, елге сіңірген еңбегімен, айналасына жасаған жақсылығымен өлшенеді. Өз ісіне адалдықты өмірлік ұстаным еткен, кәсіби білімі мен адамдық қасиетін қатар алып жүрген жандар қашанда көпке үлгі. Сондай еңбек жолы өнегеге толы жандардың бірі - Нұржамал Мүсілімова.
Нұржамал Аманкелдіқызы 1979 жылдың 5 желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1999 жылы Шардара аудандық халықты жұмыспен қамту бөлімінде нұсқаушы болып бастады. Адам тағдырына тікелей қатысты, тұрғындармен күнделікті тығыз қарым-қатынасты талап ететін бұл салада жас маман өзінің жауапкершілігі мен тиянақтылығын, сабырлылығы мен іскерлігін таныта білді.
Кәсіби тәжірибесі артқан сайын қызметтік міндеті де өсе түсті. 2002 жылы аталған бөлімде бас маман қызметіне көтеріліп, осы салада үш жылға жуық еңбек етті. Бұл кезең оның маман ретінде қалыптасуына, халықпен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгеруіне үлкен тәжірибе берді.
Ал 2005 жылдың сәуір айынан бастап Нұржамал Аманкелдіқызы аудандық ішкі саясат бөлімінде бас маман қызметін атқарып келеді. Жиырма жылдан астам уақыт - бір мекемеде табанды еңбек ету, өз ісіне деген беріктіктің айқын көрінісі. Осы жылдар ішінде ол қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға, идеологиялық бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүзеге асыруға өз үлесін қосып келеді.
Әріптестері оны білімі терең, тәжірибесі мол, тапсырылған іске жауапкершілікпен қарайтын білікті маман ретінде бағалайды. Қандай жұмысты қолға алса да, оның нәтижелі орындалуына мән береді. Ең бастысы - қызметтік міндетін жай ғана орындап қоймай, әр істің мән-маңызына жауапкершілікпен қарайды.
Ұжымдағы абыройы мен әріптестерінің сенімі Нұржамал Аманкелқызының кәсіподақ ұйымының төрайымы болып сайлануынан да көрінеді. Бұл - оның еңбек ұжымындағы беделінің, адамдармен тіл табыса білетін іскерлігінің және әріптестерінің мүддесіне бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымының белгісі.
Кәсіби қызметімен қатар, Нұржамал Аманкелдіқызы үшін отбасы - өмірінің ең маңызды құндылығы. Жолдасымен бірге екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, ұрпағының тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүру - үлкен қажыр мен сабырды қажет ететін іс. Ол осы екі міндетті де абыроймен атқарып, отбасындағы береке мен бірлікті басты орынға қоя білді.
Қызметте - талапшыл әрі ұқыпты маман, әріптестері үшін - сенімді жан, отбасында мейірімді ана, ибалы келін. Оның өмір жолы еңбек пен жауапкершіліктің, қарапайымдылық пен адамгершіліктің өзара сабақтас екенін көрсетеді.
Нұржамал Мүсілімованың еңбек жолы - адал қызметтің, кәсіби шеберліктің және адамға деген құрметтің жарқын үлгісі. Осындай азаматтардың еңбегі ұжымның берекесін арттырып, кейінгі буынға өнеге болады.