БҚО-да кәсіподақ өкілдері еңбек ұжымдарымен кездесті

Салалық және өңірлік жаңалықтар 24.08.2026

БҚО-да кәсіподақ өкілдері еңбек ұжымдарымен кездесті

БҚО «Кәсіподақтар орталығы» төрағасы Айгүл Есекенова «Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Давлетжановпен бірге Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Батысирригация» КММ және «Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелерімен кездесті.

Кездесу барысында еңбек ұжымдарының жағдайы мен жұмыс барысы талқыланып, қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек жағдайлары сұралды. Сонымен қатар кәсіподақтың қызметі, еңбек құқықтары мен әлеуметтік мүдделерді қорғаудағы рөлі туралы ақпарат берілді.

«Батысирригация» КММ – жергілікті су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану және олардың жай-күйін бақылау, аумақтарды су тасқынынан қорғау, сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында қызмет атқарады.

Ал «Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» КММ орман қорын қорғау және сақтау, орман шаруашылығын жүргізу, табиғи аумақтарды күтіп-баптау, жануарлар дүниесін қорғау және биологиялық алуантүрлілікті сақтау жұмыстарын жүзеге асырады.

Кездесу барысында айдың басында Хан тоғайы орман алқабында болған өртке байланысты мәселелер де айтылды. Орман алқаптарындағы өрт қауіпсіздігін сақтау, алдын алу шаралары және төтенше жағдай кезінде қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды.

Айта кетерлігі, аталған екі бастауыш кәсіподақ ұйымында да қызметкерлердің 100 пайызы кәсіподақ мүшесі болып табылады. Бұл – еңбек ұжымдарының ұйымшылдығы мен кәсіподаққа деген сенімінің айқын көрсеткіші.

 

Кездесу соңында еңбек ұжымдарының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру мәселелері талқыланды.