Қуатты бастауыш ұйым: Еңбек адамына қолдау, жас ұрпаққа жол

Салалық және өңірлік жаңалықтар 24.08.2026

Қуатты бастауыш ұйым: Еңбек адамына қолдау, жас ұрпаққа жол

Түркістан - тарихы терең, рухани құндылықтары мен ұлттық дәстүрі тоғысқан қасиетті шаһар. Соңғы жылдары облыс орталығында әлеуметтік саламен қатар, бұқаралық спортты дамытуға да айрықша көңіл бөлініп келеді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру және жас ұрпақтың спорттық қабілетін шыңдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы игі бастамалардың бір көрінісі - "Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт клубы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қалыптасуы мен бүгінгі тынысы.

Түркістан қаласы әкімінің 2021 жылғы 16 тамыздағы №1226 қаулысына сәйкес құрылған мекеме бүгінде қаладағы бұқаралық спортты дамыту бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.
    Клуб ашылған кезде Түркістан қаласында жасанды төсенішпен жабдықталған 64 ашық спорт алаңы болған. Қазіргі таңда олардың саны 151-ге жетті. Бұл – қаладағы спорттық инфрақұрылымның айтарлықтай кеңейгенін көрсетеді. Алайда нысандардың көбеюімен қатар, оларды тиімді пайдалану, балаларды тұрақты түрде қамту және үйірмелердің жұмысын ұйымдастыру міндеті де қатар жүреді.
    Бүгінде клубта 20 жаттықтырушы мен 25 спорт нұсқаушысы еңбек етеді. Олар қаланың 45 ашық алаңында бекітілген жоспар мен сабақ кестесіне сәйкес балалар мен жасөспірімдерге спорттық сабақтар өткізеді. Мамандардың күнделікті жұмысы балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың спортқа қызығушылығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
    Клуб жұмысының нәтижесін оның тәрбиеленушілерінің жетістіктерінен де көруге болады. Солардың қатарында шахматтан Қазақстан Республикасының спорт шебері, Қазақстан және Азия чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері Асылхан Әсия Талғатбекқызы бар. Сондай-ақ шахматтан Қазақстан Республикасының спорт шебері, Қазақстан және Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері Сұлтанхан Нұрислам Бабирұлы клубтың мақтанышына айналды. Бұл жетістіктер жас спортшылардың қабілетімен қатар, оларды дайындаған мамандардың кәсіби еңбегін де көрсетеді.


    Клуб директоры Сыздыков Нурланали Агатаевич бастаған ұжымның алдында бүгін де нақты міндеттер тұр. Қаладағы ашық алаңдарды тиімді пайдалану, балаларды спортқа кеңінен тарту, бұқаралық спортты дамыту және қабілетті жастарға қолдау көрсету - жұмыстың негізгі бағыттары.
   Осындай үлкен міндеттерді атқаратын мекемеде еңбек адамдарының құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғаудың маңызы зор. Осы бағытта клубтағы бастауыш кәсіподақ ұйымы қызметкерлердің жанынан табылып, ұжымның әлеуметтік мәселелеріне көңіл бөліп келеді.


    Кәсіподақ ұйымының басты мақсаты - қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, олардың заңды мүдделерін қолдау және жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы әлеуметтік әріптестікті нығайту. Бұл бағыттағы жұмыс күнделікті еңбек үдерісінен бөлек қаралмайды. Себебі өз құқығы қорғалған, еңбегі бағаланған қызметкер өз міндетін де жауапкершілікпен атқарады.
    Сонымен қатар кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік жағдайына назар аудару, мерекелік және мәдени іс-шараларға қолдау көрсету, қызметкерлер арасында ынтымақтастықты қалыптастыру да ұйым жұмысының маңызды бөлігі.
    Кәсіподақтың жұмысы тек материалдық немесе әлеуметтік қолдаумен шектелмейді. Оның маңызды бағытының бірі - еңбек ұжымындағы өзара сыйластықты қалыптастыру. Бір мекемеде әртүрлі міндет атқаратын адамдардың ортақ мақсатқа жұмылуы үшін тұрақты байланыс пен түсіністік қажет. Бұл ретте бастауыш ұйымның атқаратын жұмысы маңызды.
    Клубтың бірнеше жыл ішіндегі даму көрсеткіштері нақты нәтижені көрсетіп отыр. 64 ашық алаңнан 151 алаңға дейін өсуі, онда жұмыс істейтін мамандардың қалыптасуы, балалардың спорттық жетістіктері – мекеменің өз міндетін жүйелі атқарып келе жатқанын аңғартады.


    Ал бұл жұмыстың берік негізі - кәсіби мамандар мен ұйымшыл ұжым. Бастауыш кәсіподақ ұйымы осы ұжымның әлеуметтік мүддесін қорғауға, қызметкерлер арасындағы байланысты нығайтуға және еңбек адамының мәселесіне назар аударуға өз үлесін қосып келеді.
    Қуатты кәсіподақ - еңбек адамына қолдау. Ал қолдау бар жерде ұйымның жұмысы да нәтижелі болады.