«Қуатты кәсіподақ - еңбек адамының қуатты үні» атты Бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқан аясында Түркістан облысында еңбек адамдарының құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Осы бағыттағы маңызды тетіктердің бірі - кәсіподақ мүшелеріне тұрақты түрде ұйымдастырылатын қоғамдық қабылдаулар.
Кезекті қабылдау барысында «Қызмет» салалық кәсіподағының Түркістан облысы Төлеби аудандық комитетінің төрайымы Камиля Хайтметова еңбек адамының жеке мәселесін тыңдап, оны шешудің құқықтық жолдарын түсіндірді.
Бұл жолғы көтерілген мәселе еңбек қатынастарын рәсімдеу мен қызметкердің өз құқықтарын білуіне қатысты болды. Азамат өзіне қатысты еңбек жағдайы жөнінде кеңес алып, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы қарым-қатынаста заң талаптарының сақталуы қаншалықты маңызды екенін білді.
Камиля Хайтметова мәселені жан-жақты тыңдап, қолданыстағы еңбек заңнамасы талаптарына сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әсіресе еңбек шартының талаптарын білу, қызметтік міндеттер мен жұмыс жағдайларының нақты көрсетілуі, қызметкердің құқықтары мен міндеттерін түсіну - еңбек дауының алдын алатын маңызды қадамдардың бірі екені айтылды.
Шын мәнінде, еңбек адамының құқығы көбіне мәселе туындаған кезде ғана еске түседі. Ал өз құқығын алдын ала білу - кез келген келеңсіз жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді. Қызметкер өзінің қандай жағдайда жұмыс істеуі тиіс екенін, оған қандай талаптар қойылатынын және қандай құқықтарға ие екенін білгенде ғана еңбек қатынасында өз мүддесін сауатты қорғай алады. Осы ретте кәсіподақтың рөлі айрықша. Кәсіподақ тек мәселе туындаған кезде көмек көрсететін ұйым емес, еңбек адамына құқықтық бағыт-бағдар беретін, оның заңды мүддесін қорғауға ықпал ететін маңызды қоғамдық институт.
Қоғамдық қабылдаудың да басты мәні осында. Мұнда әрбір азамат өз мәселесін ашық айтып, заң аясында кеңес ала алады. Ал кәсіподақ өкілі мәселені тыңдап қана қоймай, оны шешудің нақты тетіктерін түсіндіреді. Еңбек адамы өз құқығын білген сайын оның еңбек ұжымындағы орны да нығая түседі. Ал құқықтық сауатты қызметкер мен әлеуметтік жауапкершілікті жұмыс беруші арасындағы өзара түсіністік тұрақты еңбек қатынастарының негізін қалыптастырады. «Қуатты кәсіподақ – еңбек адамының қуатты үні» деген ұстанымның мәні де осында. Еңбек адамының мәселесі тыңдалып, оған нақты қолдау көрсетілген жерде кәсіподақтың жұмысы да өз нәтижесін табады.