Қуатты бастауыш ұйым: ғасырлық тарих пен жаңашылдықты ұштастырған білім ордасы

Салалық және өңірлік жаңалықтар 27.08.2026

Қуатты бастауыш ұйым: ғасырлық тарих пен жаңашылдықты ұштастырған білім ордасы

Сырдария өңірінде ғасырдан астам уақыт бойы талай ұрпаққа білім мен тәрбие беріп келе жатқан №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей – тарихы терең, дәстүрі берік, жаңашылдыққа ұмтылған іргелі білім ордаларының бірі. Бұл – тек мектеп емес, талай тұлғаның қанат қаққан қасиетті қара шаңырағы.
Ғасырлық тарихтың бастауы

Білім ордасының тарихы 1919 жылдан бастау алады. Сол жылы небәрі 14 оқушымен алғаш бастауыш мектептің іргесі қаланып, өңірдегі ағарту ісінің жаңа кезеңіне жол ашылды. Мектептің ашылуына қазақ білімінің көрнекті жанашырлары Оспан Әбілпаттаев пен Рахым Алшынбаевтың сіңірген еңбегі ерекше болды. 1934–1935 оқу жылында оқу орны жетіжылдық мектеп мәртебесіне көтеріліп, оқушылар саны 250-ге жетті. Ал 1935 жылы мектепке революционер әрі педагог Михаил Иванович Калининнің есімі берілді.Уақыт талабына сай жаңарып отырған білім ордасы 1968 жылы Алшынбаев көшесінде бой көтерген жаңа ғимаратқа көшіп, №35 М.И. Калинин атындағы қазақ орта мектебі ретінде қызметін жалғастырды.


Тәуелсіздік жылдарында мектептің жаңа тарихи кезеңі басталды. 1998 жылы оқу орнына қоғам қайраткері Иса Тоқтыбаевтың есімі берілсе, 2009 жылы білім сапасы, ұстаздардың ғылыми-әдістемелік еңбектері мен оқушылардың жоғары жетістіктерінің нәтижесінде мектеп-лицей мәртебесіне ие болды.2013 жылы коммуналдық мемлекеттік мекеме статусы беріліп, ал 2016–2017 оқу жылынан бастап облыстағы 46 инновациялық білім беру ұйымының қатарына енді.


Ғасырлық тарихы бар мектептен елге қызмет етіп жүрген көптеген белгілі тұлғалар түлеп ұшты. Бұл білім ордасы мемлекеттік басқару, ғылым, әдебиет, өнер және спорт салаларына көптеген дарынды азаматтарды қанаттандырды. Мектеп түлектерінің қатарында Қызылорда облысының әкімі болған Қырымбек Көшербаев, тарихшы-ғалым Сапиулла Әбілпаттаев, ғалымдар Кари Зейнулла мен Қадиша Нұғманова, ақын-журналист Ахат Жанаев, белгілі ақындар Мұхтар Сақтапов, Асқар Кіребаев, Қайырбек Асанов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы, сазгер Рамазан Тайманов, эстрада әншісі Жеңіс Ысқақова және тоғызқұмалақтан әлем чемпионы Бексұлтан Бостандықов сынды ел мақтаныштары бар.


2009 жылдан бастап мектеп-лицей инновациялық білім беру бағытын дамытуды жүйелі қолға алды. Заманауи оқыту әдістерін енгізу, ұстаздардың шығармашылық әлеуетін арттыру және оқушылардың қабілетін жан-жақты дамыту – оқу орнының басты ұстанымына айналды.
Нәтижесінде мектеп аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі білім бәсекелерінде тұрақты түрде үздік нәтижелер көрсетіп келеді. Жыл сайын ауданның «Үздік мектептері» қатарынан көрініп, білім сапасының жоғары деңгейін дәлелдеп келеді.
Мектептің ғасырлық жетістіктерінің артында ұйымшыл ұстаздар ұжымы мен белсенді бастауыш кәсіподақ ұйымының еңбегі жатыр. Ұжымдағы бірлік пен өзара қолдау, әлеуметтік әріптестіктің тиімді үлгісі білім сапасының артуына, шығармашылық бастамалардың жүзеге асуына және қызметкерлердің кәсіби әлеуетінің нығаюына берік негіз қалыптастырып келеді.


№35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей – өткеннің тағылымын сақтай отырып, болашаққа сеніммен қадам басқан, білім мен тәрбиенің шамшырағына айналған қасиетті білім ордасы. Ғасырлық тарихы бар бұл қара шаңырақ әлі талай дарынды ұрпақты тәрбиелеп, ел игілігіне қызмет ететін тұлғаларды түлете беретіні сөзсіз.