Ғасырлық тарихы бар шипажай: Өткені, бүгіні және болашағы

Салалық және өңірлік жаңалықтар 28.08.2026

Ғасырлық тарихы бар шипажай: Өткені, бүгіні және болашағы

Қызылорда облысының ғана емес, еліміздің мақтанышына айналған «Жаңақорған шипажайы»акционерлік қоғамының тарихы бір ғасырдан астам уақытты қамтиды. 1918 жылы негізі қаланған шипажай Теріскен көлінің шипалы балшығы мен тұзды суының емдік қасиетінің арқасында қарапайым маусымдық емдеу бекетінен Қазақстандағы ең көне әрі бірегей бальнеологиялық сауықтыру орталықтарының біріне дейінгі ұзақ жолдан өтті.


Сұрапыл соғыс жылдары мұнда жараланған жауынгерлерге арналған әскери госпиталь жұмыс істеп, табиғи қара батпақ пен тұзды су мыңдаған сарбаздың сауығып, қайта сапқа қосылуына қызмет етті. Ал 1984 жылы шипажай аумағынан жаңа минералды су көзі анықталып, оның құрамы әйгілі Железноводскідегі «Смирновская» суына ұқсас екені дәлелденді. Бұл жаңалық шипажайдың емдеу мүмкіндігін кеңейтіп, оны буын-сүйек ауруларымен қатар ішкі ағза сырқаттарын кешенді емдейтін ірі сауықтыру орталығына айналдырды.


1995 жылы кәсіпорын акционерлік қоғам мәртебесіне ие болып, инфрақұрылымы жаңарып, заманауи емдеу технологиялары енгізілді. Бүгінде шипажай медициналық туризмнің маңызды орталықтарының бірі ретінде жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен келетін демалушыларға қызмет көрсетеді. 
Алайда шипажайдың басты жетістігі тек емдік әлеуетімен ғана өлшенбейді. Мұнда қалыптасқан әлеуметтік әріптестік пен бастауыш кәсіподақ ұйымының жүйелі жұмысы еңбек адамының мүддесін қорғаудың нақты үлгісіне айналған.


Ұжымдық шарттың мазмұнын жетілдіру арқылы жұмыскерлерге арналған әлеуметтік кепілдіктер кеңейтіліп, көпбалалы және жалғызбасты аналарды қолдау, отбасы құндылығын дәріптеу, еңбек адамын ынталандыру бағытында маңызды бастамалар жүзеге асырылады. Әлеуметтік төлемдер мен қосымша қолдау шаралары еңбек ұжымының тұрақтылығын нығайтып, жұмыскерлердің әл-ауқатын арттыруға ықпал етуде.
Осындай нәтижелі жұмыстың заңды қорытындысы ретінде «Жаңақорған шипажайы» АҚ 2019 жылы республикалық «Парыз» конкурсында «Үздік ұжымдық шарт» номинациясының жеңімпазы атанған. Бұл марапат – еңбек адамына деген құрметтің, жұмыс беруші мен кәсіподақ арасындағы тиімді серіктестіктің және әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын көрінісі.


Ғасырлық тарихы бар шипажайдың бүгінгі жетістігі – еңбек ұжымының бірлігі, кәсіподақ ұйымының белсенді ұстанымы және әлеуметтік әріптестіктің нәтижесі. «Жаңақорған шипажайы» АҚ бастауыш кәсіподақ ұйымы Қызылорда облыстық «Yntymaq» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының құрамында болып, еңбеккерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету, еңбек жағдайларын жақсарту және ұжымдағы өзара ынтымақтастықты нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Бұл – ғасырлық тарихы бар ұжымның тұрақты дамуы мен еңбек адамын қолдауға бағытталған ортақ ұстанымының айқын көрінісі.