«Қуатты кәсіподақ - еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқаны аясында 25 тамыз күні Шардара қаласындағы А.Иманов атындағы жалпы білім беретін мектепте «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында еңбек ұжымымен кездесу өтті.

Жиынды Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы Түркістан облыстық ұйымы» ҚБ Шардара аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Жалғас Нұрымбет ашып, жүргізді.

Кездесу барысында қатысушылар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2026 жылғы шілде-қазан айларына арналған Бірыңғай медиа-жоспарымен, оның негізгі мақсаттары мен міндеттерімен танысты.
«Басты мақсатымыз - еңбек ұжымдарымен тығыз байланыс орнатып, еңбек адамын қолдау, олардың өзекті мәселелерін анықтау, педагогтер мен қызметкерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін кеңінен түсіндіру және қорғау. Сондай-ақ бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын одан әрі жандандыру көзделіп отыр», - деді аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы.
Бұдан басқа жиында еңбек құқықтары, әлеуметтік қолдау және кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері талқыланып, қатысушыларға қолданыстағы заңнама аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ашық диалог форматында өткен жиында ұстаздар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.

Сонымен қатар кездесу соңында қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, жеке мәселелерімен жүгінген мұғалімдердің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, әрбір сауал бойынша тиісті құқықтық кеңестер берілді.
Жиын қорытындысында мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бақтыкүл Абызова кәсіподақ тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен нақты көмектер үшін алғысын білдірк отырып, республикалық науқан аясындағы жұмыстар бастауыш кәсіподақ ұйымы тарапынан да жүйелі түрде жалғасын табатынын жеткізді.