«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқаны аясында «Кәсіподақ жаныңда»- заңгерлік көмек көрсетудің бірыңғай күні өткізілді.
Іс-шара барысында азаматтарға еңбек заңнамасының талаптары бойынша құқықтық түсіндірмелер беріліп, еңбек қатынастарына байланысты мәселелер қаралды. Қабылдауды Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы, заңгер Майра Боранбаева жүргізді.
Қабылдау барысында қызметкер уақытша жұмыста болмаған әріптесінің міндеттерін орындау және қосымша жүктеме атқару кезінде тиісті қосымша ақы төлеу мәселесі бойынша өтініш білдірді.
Заңгер Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіндегі қолданыстағы нормаларға сәйкес еңбек міндеттерін қосымша атқарған жағдайда қызметкерге тиісті қосымша ақы төлеу тәртібін түсіндірді. Атап айтқанда, ҚР Еңбек кодексінің 111-бабының 2-тармағына сәйкес, 2026 жылғы 8 маусымнан бастап жұмыскердің келісімімен оған негізгі жұмысымен қатар басқа жұмыскердің міндеттерін уақытша атқару жүктелген жағдайда, қосымша жұмыс үшін қосымша ақы төленуі көзделген.
Қабылдау барысында өтініш иесіне еңбек заңнамасында көзделген құқықтары мен оларды қорғау тетіктері түсіндіріліп, қажетті құқықтық кеңес берілді.
Мұндай шаралар жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, құқықтық сауаттылығын арттыруға және еңбек қатынастарында туындайтын мәселелердің заң шеңберінде шешілуіне ықпал етеді.