Медиа және өнер қызметкерлері арасындағы «Жұлдыз лига» Қазақстан Республикасының футзалдан чемпионаты өтті. Аталған додаға Қызылорда облысының командасы жыл сайын қатысып, өңір намысын абыроймен қорғап келеді. Өнер саласында еңбек ететін азаматтардан құралған команда спорт алаңында да өзара ынтымақ пен ұйымшылдықты танытып, жүлделі орындардан көрінуде.
Бұл бағытта Қызылорда облысы кәсіподақ ұйымының қолдауының маңызы зор. Соңғы үш жыл бойы кәсіподақ ұйымы өнер өкілдерінен құралған футбол командасына қаржылай қолдау көрсетіп, олардың республикалық деңгейдегі жарыстарға тұрақты қатысуына мүмкіндік жасап келеді. Мұндай қолдау – кәсіподақтың еңбек адамына деген қамқорлығының нақты көрінісі. Себебі қызметкердің әлеуметтік жағдайымен қатар, оның спортпен айналысып, бос уақытын тиімді өткізуіне және ұжымдық ортада белсенді болуына жағдай жасау да маңызды.
Биыл бұл қолдаудың нәтижесі ерекше қуанышпен жалғасты. Қызылорда облысының командасы чемпионатта жоғары нәтиже көрсетіп, «Жұлдыз лиганың» жеңімпазы атанды. Команда бас жүлдемен қатар, қомақты ақшалай сыйлықты иеленіп, Сыр өңірінің мерейін үстем етті. Бұл жеңіс – спортшылардың табандылығы ғана емес, оларды қолдап, жігерлендіріп отырған кәсіподақ ұйымының жүйелі жұмысының да нәтижесі.
Кәсіподақ үшін мұндай жетістік – еңбек ұжымындағы бірлік пен ынтымақтың, өзара қолдаудың маңызын айқындайтын жарқын мысал. Жастарды қолдау, олардың бастамаларына мүмкіндік беру және спорт арқылы командалық рухты қалыптастыру – еңбек болашағына салынған маңызды инвестиция. Ал Сыр жастарының әрбір жеңісі – кәсіподақ қолдауының нақты нәтижесі әрі жаңа биіктерге бастар сенімді қадам.