Елордалық кәсіподақтар еңбек адамының құқығын қорғаудың жаңа тетіктерін қарастырды

Салалық және өңірлік жаңалықтар 28.05.2026

Елордалық кәсіподақтар еңбек адамының құқығын қорғаудың жаңа тетіктерін қарастырды

Астана қаласында салалық кәсіподақтардың аумақтық құрылымдары өкілдерінің қатысуымен Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Күн тәртібінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, зейнетақы жүйесіндегі реформалар, сондай-ақ кәсіподақ қызметінде жасанды интеллект мүмкіндіктері мен оны қолданудың жаңа бағыттарына қатысты өзекті мәселелер қаралды.

Қазақстандағы зейнетақы жүйесін реформалау туралы Астана қаласы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры Айжан Қасенова 2027 жылдан бастап енгізу жоспарланып отырған жаңа әлеуметтік-зейнетақы төлемі жобасын таныстырды. Жаңа модель зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын арттыруға, азаматтардың лайықты табысын қамтамасыз етуге және әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған. Спикердің айтуынша, бұл реформа жүйенің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етіп, азаматтарды ресми жұмыспен қамтылуға ынталандырады. Қазіргі уақытта елде зейнетақы жүйесіне қатысты жоба талқылануда.

Қатысушылар кәсіподақ қызметін цифрландыру мәселесіне айрықша назар аударды. Қазіргі уақытта ҚР Кәсіподақтар федерациясы еңбек қатынастары, құқықтық кеңес беру, ақпараттық-талдамалық жұмыс және кәсіподақ мүшелерімен кері байланыс орнату бағыттарында жасанды интеллект технологияларын енгізу мүмкіндіктерін жан-жақты зерделеп отыр.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Цифрлық технологиялар департаментінің бас сарапшысы Әділет Қадірқұл кәсіподақ жүйесінде жасанды интеллектіні қолданудың практикалық бағыттарын таныстырды. Атап айтқанда, құжат айналымын автоматтандыру, құқықтық құжаттарды жедел талдау, ақпараттық жұмыстың сапасын арттыру және ішкі коммуникацияны жетілдіру арқылы кәсіподақ қызметінің тиімділігін көтеру жолдары айтылды.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе 2026 жылғы 8 маусымнан бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерге арналды. Астана қаласы Кәсіподақтар орталығы Заң клиникасының меңгерушісі Назгүл Әзтаева жаңа нормалардың еңбек құқықтарын қорғауды күшейтетінін атап өтті.

Негізгі өзгерістер қатарында еңбек қатынастарын реттеуде еңбек шарттарының орнына азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарды қолдануға заңнамалық деңгейде тыйым салу, «жалғызбасты ана» ұғымын «жалғызбасты ата-ана» деп өзгерту, өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеу кезінде қызметкерлер құқықтарын қорғауды күшейту және кәсіподақтардың өкілеттіктерін арттыру т.б нормалар қарастырылған.

Отырыс барысында қатысушылар әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті мәселелер бойынша қажетті ақпарат алып, пікір алмасып, спикерлерге қойған сауалдарынан нақты жауап алды.