Атырауда денсаулық сақшылары сайысқа түсті

Салалық және өңірлік жаңалықтар 28.05.2026

Атырауда денсаулық сақшылары сайысқа түсті

Бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен және «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ облыстық филиалының ұйымдастыруымен «21 маусым – Медицина қызметкерлері күніне» орай облыстың емдеу-сауықтыру мекемелеріндегі кәсіподақ мүшелері арасында «Med Sport Fest-2026» дәстүрлі спартакиадасы басталды. 

Жарысқа қатысушыларды облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Құрбанов пен «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова құттықтап, әріптестеріне ақжарма тілектерін арнап, сәттіліктер тіледі.

«Атырау облыстық ұлттық спорт түрлерінің спорт клубы» ғимаратында өтіп жатқан бұл спартакиаданың басты ерекшелігі — жарыс бағдарламасына волейбол мен шағын футбол сайыстарымен қатар, арқан тарту, дәстүрлі садақ ату және асық ату сияқты төл ұлттық ойын түрлері де енгізілген.

 Аталған бәсекелер бойынша қала мен аудандардан келген 25 командадан 350 денсаулық сақшысы қатысып, өзара жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайтын болады. Сайыстардың әділ әрі жоғары деңгейде өтуіне білікті де тәжірибелі төрешілер қазылық етуде.

Бүгін түске дейін өткен арқан тарту мен садақ ату сайыстары тартысқа толы болды. Арқан тартудан ерлер мен қыздардың аралас командалары арасында Индер аудандық ауруханасының ұйымшыл бестігі барлық қарсыластарын жеңіп, спартакиада чемпионы атанды. 

Екінші және үшінші орындарды Атырау қалалық №5 емханасы мен Махамбет ауданының командалары өзара бөлісті.

Дәстүрлі садақ ату сынында бірінші орынды Жылыой аудандық ауруханасы қанжығасына байласа, екінші орынды облыстық фтизиопульмонология орталығы жеңіп алды. Ал үздік үштікті облыстық балалар ауруханасының командасы түйіндеді.

Денсаулық сақшыларының басын қосқан дүбірлі жарыс өз мәресіне жеткен жоқ. Алдағы кезеңдерде бақ сынайтын спортшылар арасындағы тартыс әлі де жалғасып, спартакиаданың бас жүлдегерлері анықталатын болады.