Астана қаласында автопарк автобусының қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы салдарынан жолды бағдаршамның жасыл түсіне өтіп бара жатқан екі жаяу жүргінші зардап шекті.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, зардап шеккендердің біріне өкше сүйегінің жарығы диагнозы қойылса, екіншісі маңдай тұсынан жарақат алған. Оқиға орнынан жедел медициналық көмек шақырылып, зардап шеккендер медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлер қажетті тексерулер жүргізіп, тиісті ем-дом шараларын көрсетті.

Оқиғаға байланысты барлық мән-жайлар заң талаптарына сәйкес қаралып, тараптардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Дауды бейбіт жолмен реттеу мүмкіндігін қарастыру үшін іс Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының Заң клиникасы алаңында талқыланды.
Медиация рәсімі барысында тараптар өзара түсіністікке келіп, келтірілген залалдарды өтеу және туындаған мәселелерді шешу жөнінде келісімге қол жеткізді. Нәтижесінде дау сотқа дейінгі тәртіппен реттеліп, тараптар арасында медиативтік келісім жасалды.