Сәрсенбі, 14 қазанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің басшылығымен ҚРКФ Атқару комитетінің отырысы өтті.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – жұмыскерлердің кәсіби жетістіктерін атап өтуге және олардың ел дамуына қосқан үлесін дәріптеуге бағытталған «Қазақстанның еңбек адамы» атты кәсіподақ жобасын әзірлеу болды.

Бастаманы таныстырған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бұл жобаның жүлделі орындарды бөлісетін дәстүрлі байқау емес, адал еңбегімен кәсіпорын, сала және ел дамуына үлес қосқан азаматтарға қоғамдық құрмет көрсету екенін атап өтті.
«Кәсіподақтар федерациясы үшін еңбек адамын қолдауды және олардың еңбегін бағалауды жалғастыру өте маңызды. Бізде түрлі байқаулар мен марапаттау түрлері бар, бірақ еңбек адамының ел дамуына қосқан үлесін лайықты түрде атап өтетін бөлек бастама қажет. Үміткерлерді 24 салалық кәсіподақ пен 20 аумақтық бірлестік ұсынады деп жоспарлануда. Ал үздік шыққандар үшін арнайы белгі табыстау ұсынылады», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Жетістіктерді әділ бағалау үшін арнайы комиссия құру жоспарланып отыр. ҚРКФ төрағасының ұсынысы бойынша, оның құрамына ҚРКФ өкілдері кірмеуі тиіс. Бағалау талаптары отандық және шетелдік тәжірибені, қолданыстағы марапаттау жүйесін және жұртшылықтың пікірін ескере отырып әзірленеді.
«Бұл – жан-жақты тәсілді, салыстырмалы талдауды, бағалау әдістемесін және тәуелсіз сараптаманы талап ететін үлкен жұмыс. Комиссия тәуелсіз болып, үміткерлердің еңбегін әділ бағалауы тиіс», – деді ҚРКФ төрағасы. Сонымен қатар Сатыбалды Дәулеталин Еңбек адамының ұлттық галереясын құру туралы тағы бір ұсынысын білдірді.
«Егер жыл сайын 12 жұмыскерді анықтап отырсақ, бес жылда оған 60 адам, ал он жылда 120 адам енеді. Галерея мамандықтар мен жұмыспен қамту құрылымындағы өзгерістерді көрсететін Қазақстанның еңбек шежіресіне айнала алады. Уақыт өте келе мұнда кеншілер, металлургтер мен мұнайшылармен бірге цифрлық сала мамандары да пайда болады», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
.jpeg)
Талқылау барысында Атқару комитетінің мүшелері жобаның атауы мен мәртебесін қарастырды. Қатысушылар шеңберін, іріктеу талаптарын және басқа да мәселелерді қамтитын тұжырымдама дайындаудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ ҚРКФ төрағасы Петропавлдағы машина жасау кәсіпорнында жұмыс істеген токарь туралы мысал келтірді. Ол үш бала тәрбиелеп отырған, оның біреуі мүгедектігі бар бала, әрі отбасымен жатақханада тұрған. Кәсіподақ өкілдері оның еңбектегі жетістіктері мен тұрмыстық жағдайын білген соң, баспана мәселесін шешуге көмектескен.
«Осындай мысалдар кәсіби жетістіктердің артында нақты адам, оның күнделікті еңбегі мен өмір жолы тұрғанын ұмытпау керектігін көрсетеді», – деді ҚРКФ төрағасы.
Жұмысты бастау үшін Кәсіподақтар федерациясының аппаратына бір ай ішінде тұжырымдама дайындау тапсырылды. Құжат іс-шараның мазмұндық, ұйымдастырушылық, әдістемелік, ақпараттық және көрнекі үлгілерін, сондай-ақ қажетті ұйымдастырушылық құжаттардың жобаларын қамтуы тиіс. Тұжырымдама дайын болғаннан кейін Атқару комитеті мәселені қайта қарап, келесі қадамдарды айқындайды. Бастаманы ілгерілету жұмысын қараша айында бастау ұсынылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізу қызметі болды.

Салалық кәсіподақ төрағасы Қасымжан Мәдиевтің айтуынша, 2025 жылы Қазақстан өндірістерінде 1 305 адам зардап шегіп, 188 жұмыскер қаза тапқан. Бұл деректер қайғылы жағдайлардың алдын алуды және еңбек жағдайын бақылауды күшейту қажеттігін көрсетеді.
«Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіподағы 13 440 адамның басын қосып отыр. Оның құрамына еліміздің он өңіріндегі 61 кәсіподақ ұйымы кіреді: 54 бастауыш ұйым, екі филиал және бес жергілікті кәсіподақ бар. Бір жыл ішінде техникалық инспекторлар және кәсіпорындардың өндірістік қауіпсіздік қызметтерімен бірлесіп 585 тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 4 012 заңбұзушылық анықталып, оның 3 932-сі жойылды. Кәсіподақ ұйымдарында еңбекті қорғау бойынша 30 техникалық инспектор сайланып, жұмыс орындарындағы қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің басын қосатын 20 өндірістік кеңес жұмыс істейді», – деді салалық кәсіподақ төрағасы.
Оның мәліметінше, осы жылдың 9 айында кәсіподақ еңбекті қорғау бойынша 24 семинар өткізген. Техникалық инспекторлар үшін «Еңбекті қорғау бойынша техникалық инспектордың алғашқы 100 күні» атты тәжірибелік нұсқаулық дайындалды.
Салалық кәсіподақтың есебін қорытындылаған ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өндірістегі жазатайым оқиғалардан, әсіресе адам өліміне әкелген жағдайлардан кейін нақты алдын алу шараларын қабылдап, олардың орындалуын бақылау қажет екенін атап өтті.
.jpeg)
«Анықталған заңбұзушылықты жоюмен ғана шектелуге болмайды. Осындай оқиғалардың қайталануына жол бермейтін жүйелі жұмыс жүргізілуі керек. Ол үшін нақты іс-шаралар жоспары қабылданып, оның орындалуын кәсіподақтар қатаң бақылауы тиіс. Сонда ғана нақты нәтиже болады», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ төрағасы еңбек қауіпсіздігін арттыру үшін цифрлық құралдарды да белсенді қолдануға шақырды.
«Жұмыскерлерді оқыту мен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруды жастардан бастау қажет. Ең бастысы – жазатайым оқиға болғаннан кейін оның зардабын жою емес, қауіп-қатерді алдын ала анықтап, оқиғаға жеткізбей жою», – деді ҚРКФ төрағасы.
Бұдан кейін ҚРКФ Атқару комитеті өңірлік келісімдердің орындалу барысын қарастырды.
Шығыс Қазақстан облысындағы жұмыс нәтижелері туралы Кәсіподақ орталығының төрағасы Темірбек Қасымжанов баяндады.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының айтуынша, әлеуметтік әріптестік аясында қол жеткізілген нәтижелердің бірі – 2025 жылдың қаңтар айынан бастап «Казцинк» ЖШС жұмыскерлерінің жалақысы орта есеппен 8,5 пайызға өсті. 2024 жылы кәсіпорында жалақы екі рет көтеріліп, жалпы алғанда шамамен 10 пайызға артқан болатын.

«Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін бюджеттік сала қызметкерлерінің лауазымдық жалақысына 25 пайыз үстемақы қарастырылған. Өңірлік нормативтік актілерге енгізілген өзгерістердің арқасында бұл үстемені алуға құқығы бар мамандардың қатары кеңейді. Олардың қатарына бухгалтерлер мен заңгерлер де қосылды. Ауылдағы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау және ветеринария саласының қызметкерлеріне коммуналдық шығындарды өтеуге берілетін төлем 20 пайызға ұлғайтылды. Келісімге Семей полигонының радиациялық қауіпті аймақтарында тұратын және жұмыс істейтін жұмыскерлерге арналған кепілдіктер де енгізілді. Заңнамаға сәйкес ай сайынғы қосымша ақы мен жыл сайынғы қосымша төленетін демалыс беріледі. Бұл кепілдіктер зардап шеккен адам мәртебесін растайтын куәліктің бар-жоғына қарамастан беріледі. Кәсіподақтардың бастамасымен орман шаруашылығы қызметкерлеріне дала жағдайында жұмыс істегені үшін үстемақы төлеу мәселесі де шешілді. Үкіметтің тиісті қаулысы 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. 2026 жылдың басынан бері облыстағы 876 ұйымның 809-ы ұжымдық шарттарын жаңартты – бұл 94 пайызды құрайды», – деді Темірбек Қасымжанов.
Дегенмен, оның айтуынша, өндірістік жарақаттану деңгейі әлі де күрделі болып отыр. Жыл басынан бері өңірде 66 қайғылы жағдай тіркеліп, 78 жұмыскер зардап шеккен, бес адам қаза тауып, 33 адам ауыр жарақат алған.
«Оқиғалардың шамамен 60 пайызы кәсіподақ ұйымдары жоқ кәсіпорындарда орын алған. «Халықтық бақылау» жобасы 14 кәсіпорында енгізілді, тағы 42 кәсіпорын Vision Zero тұжырымдамасына қосылды. Кәсіподақтар федерациясының құрамына кіретін ұйымдарда 679 өндірістік кеңес жұмыс істейді, оның 615-і экономиканың нақты секторында құрылған. Сондай-ақ еңбекті қорғау бойынша 1 277 техникалық инспектор еңбек етуде. Өнеркәсіп орындарының ұжымдық шарттарында техникалық инспекторларға ай сайын немесе тоқсан сайын қосымша ақы төлеу қарастырылған», – деп атап өтті ШҚО Кәсіподақ орталығының төрағасы.
.jpeg)
Сонымен бірге Темірбек Қасымжанов 2027–2029 жылдарға арналған жаңа өңірлік келісімнің дайындалып жатқанын хабарлады.
Сатыбалды Дәулеталин Шығыс Қазақстан облысы Кәсіподақ орталығының жұмысына, әсіресе өндірістік кеңестерді дамыту ісіне оң баға берді. Ол кәсіподақ ұйымдары әкімшілік қысыммен емес, жұмыскерлерге нақты көмек көрсету және нәтижелі жұмыстар арқылы нығаюы тиіс екенін баса айтты.
Қостанай облысындағы өңірлік келісімнің орындалуы туралы Кәсіподақ орталығының төрағасы Ирина Аронова баяндама жасады.
Ол «Соколов-Сарыбай тау-кен өндірістік бірлестігі» АҚ-дағы «Ақылды карьер» жобасын мысалға келтіре отырып, цифрландырудың жұмыс орындарына тигізер әсері туралы айтып берді.
.jpeg)
«Еңгізілген цифрлық жүйелер мен өндірісті автоматтандыру 1 000-нан астам жұмыскердің қызметіне әсер етті. Жұмыс міндеттері өзгерген қызметкерлер автоматтандырылған жүйе операторы, диспетчер және жаңа техниканы баптау маманы ретінде қайта оқытылуда. Мұнда технологиялық жаңару жұмыс орындарын сақтау, қайта даярлау және жұмыскерлерді жаңа лауазымдарға ауыстыру шараларымен қатар жүргізіліп жатыр», – деді Ирина Аронова.
Қауіпсіздік мәселесін жалғастыра отырып, аумақтық бірлестік төрағасы облыста 308 өндірістік кеңес пен еңбекті қорғау бойынша 460 техникалық инспектор жұмыс істейтінін хабарлады.
«2026 жылдың қаңтардан тамызға дейін 77 қайғылы жағдай тіркелді, ал өткен жылдың осы кезеңінде 54 жағдай болған еді. Оқиғалардың 60 пайыздан астамы кәсіподағы жоқ мекемелерде орын алған. Кәсіподақ өкілдері қайғылы жағдайларды тексеру жұмыстарына белсене қатысады», – деп атап өтті Ирина Аронова.
Кәсіпорындардағы ұжымдық-шарттық қатынастар туралы айта келе, ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әріптестерін әлеуметтік әріптестермен бірге ұжымдық шарттардың мазмұнын және олардың орындалуын бағалау жұмысын күшейтуге, әсіресе кәсіподақ ұйымдары жоқ кәсіпорындарда бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуге шақырды. ҚРКФ төрағасы өңірлердегі Кәсіподақ орталықтарына бұл мәселені өңірлік үшжақты комиссиялардың қарауына шығаруды және түрлі салалардағы бірнеше кәсіпорынның ұжымдық шартын зерделеуді ұсынды.
Сондай-ақ Сатыбалды Дәулеталин форумда қабылданған Цифрлық еңбек мәселелері жөніндегі Астана үшжақты Декларациясы мен Кәсіподақтардың цифрлық хартиясын еске салды.
«Салалық және аумақтық кәсіподақтар бұл құжаттарды мұқият зерделеп, жасанды интеллектті қолдану жағдайында еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі ортақ ұстаныпдарды келісімдер мен ұжымдық шарттарға жүйелі түрде енгізуі қажет», – деп түйіндеді ҚРКФ төрағасы.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы