«АЗХС» АҚ-да өндірістік жарақаттануды азайту жолдары карастырылды

Салалық және өңірлік жаңалықтар 15.10.2026

«АЗХС» АҚ-да өндірістік жарақаттануды азайту жолдары карастырылды

«АЗХС» АҚ-да еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар мен өндірістік кеңес мүшелеріне арналған оқыту семинары өтті. «Өндірістегі жарақаттанудың алдын алудың құқықтық негіздері» тақырыбын арқау еткен іс-шараның мақсаты – қызметкерлер өкілдерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қоғамдық бақылауды жетілдіру және өндірісте қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.

Семинарға Қазақстан Республикасы Химия, мұнай-химия және өндірістің ұксас салалары жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының төрағасы Керім Пірімқұлов пен Ақтөбе облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев арнайы шақырылған спикерлер ретінде қатысты.

 

Жиын барысында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың құқықтық негіздері, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу жолдары, техникалық инспекторлар мен өндірістік кеңестердің міндеттері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ өндірістік тәуекелдерді дер кезінде анықтау, еңбек заңнамасының талаптарын сақтау және еңбек үдерісіне қатысушылардың қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына жауапкершілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Семинарда еңбек қауіпсіздігі белгіленген талаптарды орындаумен ғана шектелмейтіні, оның жұмыс берушінің ұжым алдындағы жауапкершілігін және еңбек адамына деген қамқорлығын көрсететіні атап өтілді. Өйткені әрбір қауіпсіздік талабының артында адамның өмірі мен денсаулығы, отбасының амандығы тұр. Сондықтан өндірістік жарақаттанудың алдын алу жұмыс беруші, кәсіподақ және қызметкерлер арасындағы бірлескен әрі жүйелі жұмысты қажет етеді.

 

Бұл ретте еңбек қауіпсіздігі жөніндегі техникалық инспекторлардың рөлі айрықша. Олар жұмыс орындарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізіп, ықтимал қауіптерді анықтауға, кемшіліктерді дер кезінде жоюға және жазатайым оқиғалардың алдын алуға ықпал етеді. Ал өндірістік кеңестер жұмыс беруші мен қызметкерлер өкілдерінің өзара байланысын нығайтып, еңбек қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді бірлесіп талқылауға және нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Кәсіподақ өкілдері өз сөздерінде еңбек қауіпсіздігі саласында жүйелі оқытудың, тәжірибе алмасудың және қоғамдық бақылауды күшейтудің маңызын атап өтті. Кәсіподақтардың негізгі міндеттерінің бірі – әрбір қызметкердің қауіпсіз еңбек жағдайына деген құқығын қорғау, еңбек қатынастарындағы заң бұзушылықтардың алдын алу және әлеуметтік әріптестікті дамыту.


Осындай оқыту семинарлары кәсіподақ ұйымдары, жұмыс берушілер мен еңбек ұжымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, қызметкерлер өкілдерінің кәсіби құзыретін арттыруға мүмкіндік береді. «АЗХС» АҚ-да өткен семинар да өндірістік жарақаттанудың алдын алу жүйесін жетілдіруге, еңбек тәртібін нығайтуға және әр жұмыс орнында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды шара болды.