Еңбек адамы: Еңбегімен үлгі болған жас маман

Салалық және өңірлік жаңалықтар 15.10.2026

Еңбек адамы: Еңбегімен үлгі болған жас маман

Энергетика саласында кәсіби білім мен жауапкершілік, тәжірибе мен ізденіс қатар жүруі тиіс. Өз мамандығын мақтаныш тұтып, еңбек жолында табандылық танытып жүрген жас мамандардың бірі – «Астана-РЭК» АҚ Байқоңыр аудандық электр желілері ауданының жетекші инженері Данияр Манарбеков.

 

Данияр Манарбекұлы 1997 жылы Абай облысының Семей қаласында дүниеге келген. С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша білім алып, техника және технология бакалавры дәрежесін иеленген. Кейін «Өнеркәсіптік кәсіпорындарды, қалаларды және агроөнеркәсіптік кешенді электрмен жабдықтау» мамандығы бойынша техникалық ғылымдар магистрі атанды.

 

Еңбек жолын 2020 жылы Электротехникалық колледжде арнайы пәндер оқытушысы болып бастаған. 2021 жылдан бастап энергетика саласында еңбек етіп, «Астана-өңірлік электржелілік компаниясы» АҚ №3 механикаландырылған учаскесінде 4-разрядты электромонтер, кейін Байқоңыр аудандық электр желілері ауданында 1 санаттағы инженер қызметін атқарды. Ал 2025 жылдан бастап жетекші инженер лауазымында жұмыс істейді.

 

Қызмет барысында Данияр өзін білікті, бастамашыл әрі жауапты маман ретінде танытты. Энергетика саласындағы білімі мен тәжірибесін ұштастыра отырып, техникалық міндеттерді сауатты шешіп, жұмысты тиімді ұйымдастыруға үлес қосып келеді. Әріптестері мен басшылығы арасында құрметке ие.

Ол кәсіби міндеттерімен қатар кәсіпорынның қоғамдық өміріне де белсенді араласады. Мәдени-көпшілік, спорттық және әлеуметтік іс-шараларға қатысып, ұжымдық бірлікті нығайтуға атсалысады. Сондай-ақ қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарға қатысып, ұжымдық шартты жетілдіру жөніндегі талқылауларда өз ұсыныстарын білдіреді.

 

Қоғамдық белсенділігі мен кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін өткен жылы «Астана-өңірлік электржелілік компаниясы» АҚ жұмыскерлерінің кәсіподақ комитетінің ұсынысымен «Қазақстандық энергетиктердің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Алғыс хатымен марапатталды.

 

Жас маманның кәсіби жетістігі биылғы «Еңбек жолы» байқауында да бағаланды. Данияр Манарбеков «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша бірінші орынды иеленді.

 

Данияр Манарбекұлының еңбек жолы – кәсіби дамуға ұмтылудың, өз ісіне адалдықтың және қоғамдық белсенділіктің үлгісі. Осындай ізденімпаз жас мамандар энергетика саласының дамуына серпін беріп, еңбек ұжымының әлеуетін арттыруға үлес қосады.