Бірлік пен ынтымақты ту еткен жамбылдық медицина қызметкерлері республикалық спартакиадада өңір намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтиже көрсетті.
10 қазан – Кәсіподақтар күні мерекесіне орай Түркістан қаласында «QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен кәсіподақ мүшелері арасында республикалық спартакиада өтті.

Еліміздің әр өңірінен жиналған медицина саласының қызметкерлері қатысқан ауқымды спорттық іс-шара салауатты өмір салтын насихаттауға, кәсіподақ мүшелері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға және ұжымдық бірлікті арттыруға бағытталды.

Спартакиада барысында қатысушылар спорттың түрлі бағыттары бойынша бақ сынап, өздерінің физикалық дайындығын, шеберлігін, табандылығы мен командалық рухын көрсетті. Жарыс алаңында әр өңірдің намысын қорғаған командалар өзара тәжірибе алмасып, ынтымақтастықтың жарқын үлгісін танытты.

Жарыс қорытындысы бойынша «QazMed» РҚБ Жамбыл облысы бойынша филиалы жалпыкомандалық есепте ІІІ орынды иеленіп, жүлделі нәтижеге қол жеткізді.
Жамбылдық медицина қызметкерлері спорттың бірнеше түрінен жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.

Бұл жетістіктер – спортшылардың табанды дайындығы мен қажырлы еңбегінің, өзара қолдауы мен ұйымшылдығының нәтижесі. Жүлделі орындарға қол жеткізген жерлестеріміз Жамбыл облысының абыройын асқақтатып, кәсіподақ мүшелерінің ортақ мақсат жолындағы бірлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Медицина қызметкерлерінің күнделікті еңбегі адам өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған. Ал спорт алаңындағы белсенділік олардың қайсарлығын, жігерін және жеңіске деген ұмтылысын айқындай түседі. Осындай іс-шаралар қызметкерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, кәсіби ортадағы ынтымақтастықты нығайтуға, әріптестер арасындағы сенім мен өзара құрметті арттыруға ықпал етеді.

Кәсіподақ қозғалысының маңызды міндеттерінің бірі – қызметкерлердің әлеуметтік мүдделерін қорғаумен қатар, олардың жан-жақты дамуына, салауатты өмір салтын ұстануына және ортақ құндылықтар төңірегінде топтасуына қолдау көрсету. Осы тұрғыдан алғанда, республикалық спартакиада – кәсіподақ мүшелерін жақындастыратын, достық пен татулықты дәріптейтін маңызды бастама.