«Астана» теміржол торабының кәсіподақ белсенділері Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының бастамасымен өтетін Лайықты еңбек үшін дүниежүзілік іс-қимыл күніне арналған жиын өткізді.

Биылғы акция «Жас жұмыскерлер болашақ үшін кәсіподақтарға бірігеді!» ұранымен өтуде. Оның негізгі мақсаты – Халықаралық еңбек ұйымы әзірлеген лайықты еңбек тұжырымдамасын ілгерілету.
Кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Сарсекеев белсенділерді ортақ бастамаға қосылуға шақырды.
Жас мамандарды қолдау аясында «Қазкөліккәсіп» қоғамдық бірлестігі «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «100 жас тұлға» жобасына қолдау көрсетті. Жоба жас көшбасшыларды даярлауға, кадрлық резервті қалыптастыруға және саладағы жаңа бастамаларды дамытуға бағытталған. Компанияның 2024–2026 жылдарға арналған ұжымдық шартында да жас мамандардың бейімделуі мен отбасыларын қолдау шаралары қамтылған.

Жиында жұмыспен қамту, қауіпсіз еңбек жағдайлары, әділ еңбекақы, еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік кепілдіктер мәселелері талқыланды.
Кездесу соңында қатысушылар тақырыптық флешмобқа қатысып, лайықты еңбек қағидаттарын қолдайтындарын білдірді.