Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан Халық Кеңесінің қарауына бірқатар бастамалар ұсынды

Федерация жаңалықтары 15.10.2026

Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан Халық Кеңесінің қарауына бірқатар бастамалар ұсынды

15 қазан, бейсенбі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сатыбалды Дәулеталин жоғары конституциялық консультативтік органның қарауына бірқатар бастамаларды ұсынды. Бұл ұсыныстар Сатыбалды Дәулеталиннің Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошановпен кездесуі барысында талқыланды. Кездесуге Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің төрағасы Вера Ким де қатысты.

 

ҚРКФ төрағасы ұсынған негізгі бастамалардың қатарында – цифрландыру жағдайында азаматтардың құқықтарын қорғау, жалпыұлттық бірлікті нығайту, еңбек саласында мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту және инфрақұрылым сапасын қамтамасыз етуге қоғамның қатысуын арттыру мәселелері бар.

 

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сатыбалды Дәулеталин жоғары конституциялық консультативтік орган алаңында «Цифрлық Қазақстандағы адам: құқықтар, мүмкіндіктер және әлеуметтік кепілдіктер» тақырыбын қарастыруды ұсынды.

 

ҚРКФ бастамасының мақсаты – елдегі цифрлық өзгерістердің әлеуметтік салдарын мемлекет, азаматтық қоғам, сарапшылар және азаматтардың өздері қатысатын кешенді талқылауға шығару.

ҚРКФ төрағасы бұл ұсыныстың негізіне 7–8 қазанда Астанада Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық еңбек ұйымының қолдауымен ұйымдастырған «Цифрлық еңбек және жасанды интеллект» атты алғашқы халықаралық форумының қорытындылары алынғанын атап өтті.

 

Форум қорытындысы бойынша Астана үшжақты декларациясы мен Кәсіподақтардың цифрлық хартиясы қабылданды. Сонымен қатар жасанды интеллектті жауапкершілікпен пайдалану, жұмыскерлерді жаңа кәсіби талаптарға бейімдеу және еңбек қатынастарының жаңа түрлерімен айналысатын адамдарды қорғау бойынша ұсыныстар дайындалды.

 

Келесі маңызды бастама – инфрақұрылым нысандарының сапасы мен сақталуын бақылауға қатысты. Ұсынылған «Салынды – сақталсын» қағидаты құрылыс сапасын арттыруға, мердігерлердің кепілдік міндеттемелерін орындауын қадағалауға және тұрғындардың арыз-шағымдарына жедел әрекет етуге бағытталған.

Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, ұсынылған бұл тәсіл қоғамдық ресурстарға, еңбек нәтижелеріне және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды көздейтін «Заң мен Тәртіп» қағидаларына және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасына толық сай келеді.

 

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы көтерілген мәселелерді тиісті мемлекеттік органдарды, сарапшылар мен қоғам өкілдерін тарта отырып, Қазақстан Халық Кеңесінің тұрақты комитеттері шеңберінде талқылауды ұсынды.

 

Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бұл ұсыныстарын қолдап, бастамалардың негізгі мәні Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында бекітілген құқықтық нормаларға сәйкес келетінін әрі қоғам үшін өте өзекті екенін атап өтті.

 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы