15 қазанда, бейсенбі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясында «Білім беру марафоны» оқу жобасы аясында онлайн-дәрістер легі басталды. Марафонның алғашқы онлайн-кездесуіне Шымкент қаласынан 74 кәсіподақ белсендісі қатысты.

Семинар жұмысын Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Оқу орталығының басшысы Ляззат Есжанова ашып, марафонның маңыздылығына тоқталды.
«Кәсіподақ өкілдері өз білімі мен дағдыларын үнемі жетілдіріп, еңбек заңнамасындағы өзгерістерді терең меңгеруі тиіс. Кәсіподақ ұйымы мүшелерінің құқықтарын қорғау және заң нормаларын тәжірибеде тиімді қолдану көбіне белсенділеріміздің кәсіби дайындығы мен құқықтық сауаттылығына байланысты», – деді Ләззат Есжанова.

Марафонның алғашқы дәрісін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бас сарапшысы Майра Боранбаева «Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасындағы 2026 жылғы өзгерістер» тақырыбында баяндама жасап, еңбек қатынастарын құқықтық реттеудегі негізгі жаңашылдықтарды таныстырды.

Дәріс барысында еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер, олардың еңбек қатынастарына ықпалы, сондай-ақ заң нормаларын практикада қолданудың өзекті мәселелері жан-жақты қарастырылды. Бұл кәсіподақ белсенділерінің құқықтық білімін тереңдетіп, жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы кәсіби құзыреттерін нығайтуға ықпал етеді.

Сондай-ақ, заманауи еңбек нарығындағы цифрлық өзгерістерге ерекше назар аударылды. Майра Боранбаева «Кәсіподақ жұмысындағы жасанды интеллект мүмкіндіктері» тақырыбын да қозғап, автоматтандыру мен цифрлық технологияларды енгізу жағдайында жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғаудың заманауи тәсілдерін ұсынды.

«Білім беру марафоны» аясындағы сабақтар бекітілген кестеге сәйкес аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері онлайн форматта өткізіліп, еліміздің барлық өңірлеріндегі кәсіподақ белсенділерін қамтитын болады.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы