Атырау қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобының жұмыскерлері арасында өткен «KMG Skills» кәсіби шеберлік чемпионаты өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Биыл екінші рет ұйымдастырылған чемпионатқа 18 еншілес және тәуелді ұйымнан 120 жұмыскер қатысып, 12 жұмысшы мамандығы бойынша кәсіби біліктіліктері мен тәжірибелерін сынға салды.

Қатысушылар өндірістік міндеттерді орындау барысында теориялық білімдерін, практикалық дағдыларын және кәсіби шеберліктерін көрсетті.
Чемпионат қорытындысы бойынша «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның үш жұмыскері үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі орындарға ие болды.

Атап айтқанда, Алтынбек Умаров – «Мұнай және газ өндіру операторы» номинациясы бойынша І орын; Руслан Рысмағамбетов – «Технологиялық сорғылар машинисі» номинациясы бойынша І орын; Сергей Гундарев – «Технологиялық қондырғылар операторы» номинациясы бойынша ІІІ орын иеленді.

Аталған нәтижелер кәсіпорын жұмыскерлерінің кәсіби даярлық деңгейін, өндірістік тәжірибесін және өз мамандықтарын жетік меңгергенін көрсетеді.

Чемпионаттың салтанатты жабылу рәсімінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов жұмысшы мамандықтарының маңыздылығына тоқталып, жұмыскерлердің кәсіби әлеуетін дамыту, біліктілігін арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту және өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.


«KMG Skills» чемпионаты жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, өндіріс жұмыскерлерінің кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге және кәсіпорындар арасында тәжірибе алмасуды нығайтуға бағытталған маңызды алаң.