«Жалпыға бірдей құқықтық оқыту»: Түркістандық кәсіподақ өкілдері «NOMAD-строй» ұжымымен кездесті

Салалық және өңірлік жаңалықтар 16.10.2026

«Жалпыға бірдей құқықтық оқыту»: Түркістандық кәсіподақ өкілдері «NOMAD-строй» ұжымымен кездесті

«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Жалпыға бірдей құқықтық оқыту» жобасы аясында еңбек ұжымдарымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.

 

Осы бағытта аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев «NOMAD-строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшыларымен кездесу өткізді.

 

Кездесудің негізгі мақсаты - жұмыскерлердің еңбек құқықтық сауаттылығын арттыру, өндірістегі қауіпсіздік талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

 

Кездесу барысында Айдар Бахтыбаев өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу, жұмыс орнындағы қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтау және оларды жоюдың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар әрбір жұмыскердің қауіпсіз еңбек жағдайына құқығы бар екенін атап өтіп, жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау және қызметкерлерді қажетті жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін түсіндірді.

 

Өндірістегі қауіпсіздік - тек белгіленген талаптарды орындау ғана емес, әрбір адамның өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған ортақ жауапкершілік. Сондықтан еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтау, ықтимал тәуекелдерді алдын ала бағалау және қауіпті жағдайлар туралы уақтылы хабарлау жұмыс орнындағы жазатайым оқиғалардың алдын алуда ерекше маңызға ие.

 

Кәсіподақтардың міндеті - жұмыскерлердің құқықтарын қорғау, олардың еңбек заңнамасы жөніндегі білімін жетілдіру және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге ықпал ету. Осы тұрғыдан алғанда, «Жалпыға бірдей құқықтық оқыту» жобасы - еңбек ұжымдары арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және еңбек адамының мүддесін қорғауға бағытталған маңызды бастама.

 

Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, жұмыскерлердің өз құқықтары мен міндеттерін білуіне, сондай-ақ қауіпсіз әрі лайықты еңбек жағдайларын қалыптастыруға ықпал етеді.