16 қазанда, жұма күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобасы аясында кезекті оқыту семинары өтті. Жиын барысында ҚРКФ төрағасының кеңесшісі Қайрақбай Жанабеков «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайлы баяндады.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Оқу орталығының басшысы Ляззат Есжанова ашып, тақырыптың маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінгі тақырыптың өзектілігі ерекше, өйткені кәсіподақ өкілдері еңбек заңнамасындағы өзгерістерді меңгеріп, оларды тәжірибеде тиімді қолдана білуі тиіс. Бұл өз кезегінде жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін сенімді қорғауға және кәсіподақ ұйымының жұмысын жаңа деңгейге көтеруге тікелей мүмкіндік береді», – деді Ляззат Есжанова.

Дәріс барысында кәсіптік одақтардың мәртебесі, негізгі құқықтары мен өкілеттіктері, қызметінің заңнамалық кепілдіктері, сондай-ақ жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғаудағы рөлі кеңінен қарастырылды.
«Заңнамаға енгізілген кешенді өзгерістер кәсіподақ ұйымдарының дербестігін арттырып, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін сенімді қорғауға және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға бағытталған», – деді ҚРКФ төрағасының кеңесшісі.

Дәрістің құндылығы – теориялық білімнің тәжірибемен ұштасуында. Қайрақбай Жанабеков өзінің қызметтік тәжірибесімен бөлісіп, кәсіподақ жұмысында кездесетін мәселелерге мысал келтіріп, талдап көрсетті.

Қатысушылардың айтуынша, осындай тәжірибелі мамандардың дәрістері кәсіподақ көшбасшыларының құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың кәсіби көзқарасын кеңейтіп, күнделікті қызметінде туындайтын мәселелерді шешу дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы