Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы келісім комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыру жұмысын әрі қарай жалғастыруда.
Оқытуға ауыл шаруашылығы, мемлекеттік мекемелер және орман шаруашылығы салаларының өкілдері қатысты. Кезекті оқыту семинары еңбек заңнамасына, келіссөз жүргізу мен еңбек дауларын шешудің практикалық тәсілдеріне арналды.

Семинарда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Оқу орталығының директоры Ләззат Есжанова дәріс оқыды.
Оқыту бағдарламасы екі тақырыпты қамтыды: «Келіссөздер жүргізу және пәтуаға қол жеткізу дағдылары» және «Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының негіздері».

Қатысушылар келіссөздер жүргізу әдістерін, тараптардың ұстанымдарын келістіру жолдарын және еңбек саласында келіспеушілік туындаған кезде екі жаққа да тиімді шешімдерді табу тәсілдерін қарастырды. Сондай-ақ еңбек заңнамасының нормалары, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің құқықтары мен міндеттері, еңбек дауларын қарау тәртібі және келісім комиссияларының қызметіне қатысты мәселелер талданды.

Оқытудың екінші бөлігі еңбек қатынастарын құқықтық реттеуге арналды. Қатысушыларға жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің құқықтары мен міндеттері, еңбек дауларын қарау тәртібі, сондай-ақ келісім комиссияларының қызметіндегі өзекті мәселелер түсіндірілді.
«Келісім комиссиялары жекелеген еңбек дауларын сотқа дейін реттеу жүйесінде маңызды рөл атқарады. Сол себепті олардың мүшелері еңбек заңнамасының нормаларын жақсы біліп, оларды нақты өтініштерді қарау кезінде дұрыс қолдана білуі қажет. Сондай-ақ тараптарға өз ұстанымдарын жүйелі түрде баяндап, келіспеушіліктерді шешудің ықтимал жолдарын айқындауға мүмкіндік беретін сындарлы диалог жүргізу дағдыларының да маңызы кем емес», – деп атап өтті баяндамашы.

Семинарға қатысушылар бұл шараның келісім комиссияларының жұмысы үшін, әсіресе еңбек дауларын қарау кезiнде еңбек заңнамасын қолдану мен келіссөздер жүргізу мәселелерінде практикалық маңызы зор екенін тілге тиек етті.