2026 жылы 16 қазанда Қызылорда қаласындағы Достық үйінде Еңбек күні мен Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Мерекелік жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген еңбек адамдарына шынайы алғысын білдірді.

Салтанатты шара барысында еңбек озаттарына Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хаттары табысталып, кәсіподақ тарапынан олардың денсаулығын нығайтуы мен тынығуына арналған шипажай жолдамалары берілді.

Кәсіподақ тарапынан көрсетілген бұл қолдау еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайына көңіл бөлуге, олардың денсаулығын сақтауға және лайықты демалуына жағдай жасауға бағытталған. Еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаумен қатар, олардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру да кәсіподақ қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.

Мерекелік шара аясында еңбек дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып, бір салада бірнеше буын бойы табанды еңбек етіп келе жатқан әулеттер де марапатталды.

«Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша «Алтын» жүлдені Қазалы ауданынан шыққан, жалпы еңбек өтілі 869 жылды құрайтын теміржолшылар Абдрахмановтар әулеті иеленді.

«Күміс» жүлде Қармақшы ауданындағы 128 жылдық еңбек өтілі бар гидротехниктер Башеновтер әулетіне бұйырса, «Қола» жүлдемен Жалағаш ауданының 82 жылдық тарихы бар электриктер Бимахановтар әулеті марапатталды.

Бұл әулеттердің әрқайсысы кәсібіне адалдық танытып, еңбек жолындағы тәжірибесі мен қалыптасқан дәстүрін кейінгі ұрпаққа өнеге етіп келеді.

Олардың жетістігі – еңбек сабақтастығы мен кәсіби жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Еңбек адамын құрметтеу, оның еңбегін лайықты бағалау және әлеуметтік қолдау көрсету – кәсіподақ қызметінің басты басымдықтарының бірі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.