Жарты ғасырға жуық уақытын білімге арнаған Сейтжан Оспанов

Салалық және өңірлік жаңалықтар 20.10.2026

Жарты ғасырға жуық уақытын білімге арнаған Сейтжан Оспанов

«Ұстаздық еткен зерделі, зеделі істен ерінбес» демекші, адал еңбегімен ел құрметіне бөленіп, өскелең ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беруге өмірін арнаған азаматтар қай кезеңде де қоғамның нағыз тірегі саналады.    Сондай еңбек адамдарының бірі - білім беру саласында ширек ғасырлық тәжірибесі бар білікті педагог, іскер басшы, Шымкент қаласындағы «Shymkent city school» мектебінің директоры Сейтжан Оспанов.

Сейтжан Түленұлының еңбек жолы мақсаттылық пен өз кәсібіне деген зор сүйіспеншіліктен бастау алды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Тарих және география» мамандығы бойынша аяқтаған ол, 2002 жылы Кентау қаласындағы қазақ-түрік дарынды ер балалар лицей-интернатында педагог-психолог әрі тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған еді.

 
Шәкірттің жүрегіне жол табуды басты мақсат еткен жас маман алғашқы күннен-ақ өзін ізденімпаз, жаңашыл педагог ретінде көрсете білді. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде ол Кентау, Түркістан, Алматы, Семей, Атырау, Есік және Шымкент сияқты еліміздің ірі қалаларындағы мамандандырылған мектеп-лицейлерде мұғалім, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және мектеп директоры лауазымдарын абыроймен атқарып, үлкен өмірлік және кәсіби мектептен өтті.


  Сейтжан Түленұлының ұстаздық философиясы оқушының бойындағы жасырын креативті қабілеттерді оятуға, олардың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған. Оның жетекшілігімен білім алған шәкірттері республикалық пәндік олимпиадалар мен түрлі мәдини-қоғамдық сайыстарда жүлделі орындарды иеленіп, ұстаз сенімін ақтады. 

 


  Педагогика және психология ғылымдарының магистрі ретінде ол теория мен практиканы ұштастыра білетін ғылыми-әдістемелік әлеуетке де ие. Оның авторлық бағдарламалары мен педагогикалық мақалалары халықаралық және республикалық басылымдарда тұрақты жарияланып, ортағасырлық Қазақстан қалаларын оқытудың заманауи әдістемесін енгізуде өзіндік қолтаңбасын қалдырды.


  Бұдан бөлек, Сейтжан Оспанов кәсіподақ саласында 20 жыл бойы үздіксіз қызмет етіп, ұжымдағы еңбек адамының құқығы мен әлеуметтік жағдайын қорғауда белсенділік танытты. Оның еліміздің білім саласын дамытуға қосқан аянбай еткен еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының Алғыс хаттарымен, сондай-ақ «Өрлеу» кәсіби даму институты мен қалалық Білім басқармасының Мадақтамаларымен марапатталды.


Бүгінгі таңда еңбек адамының шынайы мәртебесін өз ісіне деген адалдығымен дәлелдеп жүрген Сейтжан Түленұлы «Shymkent city school» ұжымын алға жетектеп, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беру жолында аянбай тер төгіп келеді. Өз кәсібін жүрек қалауымен таңдап, әрбір ісіне жауапкершілікпен қарайтын мұндай азаматтардың еңбегі - жастарға қашан да үлгі - өнеге.