Өзбекстан Республикасында «Денсаулық сақтау жүйесінде халықаралық еңбек стандарттарын іске асыру: халықаралық тәжірибе және Өзбекстан тәжірибесі» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – денсаулық сақтау саласында халықаралық еңбек стандарттарын енгізу тәжірибесімен бөлісу, әлеуметтік әріптестікті дамыту және медицина қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау бағытындағы кәсіподақтар ынтымақтастығын нығайту.

Қазақстандық кәсіподақтар делегациясын «QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлиакпар Матишев басқарды. Конференцияға қатысушылар денсаулық сақтау жүйесіндегі еңбек қатынастарының өзекті мәселелерін талқылап, халықаралық стандарттарды өңірлік деңгейде іске асырудың тиімді жолдарын қарастырды.

Конференция аясында «Өңірлік деңгейде денсаулық сақтау саласына халықаралық еңбек стандарттарын енгізу» тақырыбында баяндама жасалып, Қазақстан Республикасының Ақтөбе облысындағы тәжірибе мен «Qamqor» денсаулық сақтау кәсіподағының қызметі таныстырылды. Баяндамада медицина қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау, кадр тапшылығын азайту, кәсіби жүктемені реттеу, лайықты еңбекақы төлеу, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және әлеуметтік кепілдіктерді нығайту мәселелеріне басымдық берілді.

Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауда кәсіподақтардың рөлі, жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестікті дамыту, салалық келісімдер мен ұжымдық шарттардың тиімділігін арттыру мәселелері сөз болды. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін көтеруге және олардың кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.
Халықаралық конференция барысында Ақтөбе қаласындағы «№ 1 қалалық емхана» ШЖҚ МКК-нің бастауыш кәсіподақ ұйымы үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы деп танылды. Емхананың бас дәрігері – Татимов Ерлан Асқарұлы. Бұл марапат медицина қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау, кәсіподақ мүшелерін қолдау және еңбек ұжымында әлеуметтік әріптестікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың лайықты бағасы болды.

Халықаралық конференцияға қатысу Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласындағы кәсіподақ тәжірибесін халықаралық деңгейде таныстыруға, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға және өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер медицина қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге, кәсіподақ бастамаларын ілгерілетуге және сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстардың маңызын арттырады.