Еңбек адамы: Жанар Бекенова

Салалық және өңірлік жаңалықтар 20.10.2026

Еңбек адамы: Жанар Бекенова

Адам өмірі мен денсаулығын қорғау жолында саналы ғұмырын арнап, кәсібіне деген адалдығымен және жауапкершілігімен көпке үлгі болып жүрген жандардың бірі – Бекенова Жанар Нұрмаханқызы.


Жанар Нұрмаханқызы – Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасына қарасты «Көкшоқы» алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы хирургия кабинетінің мейіргері. Денсаулық сақтау саласында 38 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман өз ісінің қыр-сырын терең меңгерген білікті медицина қызметкері.


Еңбек жолын 1989 жылы Шиелі аудандық ауруханасының травматология бөлімшесінде ота мейіргері болып бастаған. Кейінгі жылдары хирургия бөлімшесінде және медициналық-санитарлық бөлімде қызмет атқарып, мол кәсіби тәжірибе жинақтады. 2016 жылдан бері «Көкшоқы» алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығында хирургия кабинетінің мейіргері болып еңбек етіп келеді.


Көпжылдық қызметінде Жанар Нұрмаханқызы науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетуді басты міндеті санап, әрбір жанға жанашырлықпен және ерекше жауапкершілікпен қарайды. Кәсіби білімін үнемі жетілдіріп, медицина саласындағы заманауи әдістер мен озық тәжірибелерді күнделікті жұмысында тиімді қолдануға ұмтылады.


Өз ісіне деген адалдығы, еңбекқорлығы мен адамгершілік қасиеттерінің арқасында әріптестерінің құрметіне бөленіп, ұжымда беделді маман ретінде танылған.
Жанар Нұрмаханқызының көпжылдық қажырлы еңбегі – медицина қызметкерлеріне тән кәсіби адалдықтың, жауапкершілік пен адамға деген шынайы жанашырлықтың жарқын көрінісі. Осындай еңбек адамдарының табанды қызметі қоғамның құрметіне лайық.