«Кәсіподақ Quiz»: білім мен бірлікті тоғыстырған зияткерлік сайыс

Салалық және өңірлік жаңалықтар 20.10.2026

«Кәсіподақ Quiz»: білім мен бірлікті тоғыстырған зияткерлік сайыс

Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен «КӘСІПОДАҚ QUIZ» интеллектуалдық ойыны өтті. Қазақстан кәсіподақтары күні мен 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесіне орай ұйымдастырылған білім додасына облыстың әр өңірінен 19 команда қатысып, өздерінің білім деңгейі мен тапқырлығын, командалық үйлесімін көрсетті.

Іс-шараның ашылуында Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, зияткерлік сайыстың кәсіподақ мүшелерінің бірлігін нығайтудағы және олардың шығармашылық әлеуетін дамытудағы маңызын атап өтті.

«Бүгінгі басқосу – білім мен біліктің, тапқырлық пен ұйымшылдықтың мерекесі. Кәсіподақтың күші – бірлікте, ал бірліктің негізі ортақ мақсат пен өзара сенімде. Осындай зияткерлік ойындар әріптестеріміздің қабілетін шыңдап қана қоймай, өңірлер арасындағы байланысты нығайтып, жаңа бастамаларға жол ашады», – деді ол.

Алты кезеңнен құралған ойын бағдарламасы қатысушылардан жан-жақты білімді, зеректік пен шапшаңдықты, қисынды ойлау және бірлесіп шешім қабылдау қабілетін талап етті. «Викторина», «Медиа», «Қара жәшік», «Тақырып», «Қисын» және «Зерек» кезеңдерінде командалар кино мен музыка, Қазақстан тарихы, кәсіподақ қозғалысы және логикалық тапсырмалар бойынша сынға түсті.

Әр кезеңде белгіленген уақыт ішінде нақты әрі дұрыс жауап беру маңызды болды. Қатысушылардың өзара пікір алмасуы, ортақ шешімге келуі және уақытты тиімді пайдалануы командалық жұмыстың маңызын айқын көрсетті. Осылайша, «КӘСІПОДАҚ QUIZ» білім сайысы ғана емес, кәсіподақ мүшелерінің ынтымағын арттырып, әріптестік қарым-қатынасты нығайтатын мазмұнды алаңға айналды.

Тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша Жамбыл ауданының «Жамбыл IQ» командасы үздік нәтиже көрсетіп, І орынды иеленді. Жеңімпаз командаға 100 000 теңге көлеміндегі сертификат табысталды. Байзақ ауданының «Baizaq» командасы ІІ орынға ие болып, 80 000 теңгелік сертификатпен марапатталса, Тараз қаласының «Бірлік» командасы ІІІ орынды иеленіп, 60 000 теңге көлеміндегі сертификатқа қол жеткізді.

Сонымен қатар сайыс барысында белсенділігімен және зияткерлік қабілетімен ерекшеленген командалар да арнайы номинациялармен марапатталды. Тараз қаласының «Еңбекші» командасы «Зерде» номинациясын иеленсе, Шу ауданының «SHU-star» командасына «Жігер» номинациясы берілді. Ал Жамбыл ауданының білім беру ұйымдары директорларынан құралған «EDUBOSS» командасы «Зияткер» номинациясына лайық деп танылды. Номинация иелеріне 40 000 теңгелік сертификаттар табысталды.

«КӘСІПОДАҚ QUIZ» зияткерлік ойыны кәсіподақ мүшелерінің білімге деген құштарлығын арттырып, ортақ мақсат жолындағы ұйымшылдық пен өзара қолдаудың маңызын тағы бір мәрте айқындады. Мұндай бастамалар кәсіподақ қозғалысының қоғамдық белсенділігін арттырып, әріптестер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және жаңа идеялардың жүзеге асуына жол ашады.

Жамбыл облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігі кәсіподақ мүшелерінің әлеуетін арттыруға, олардың бастамаларын қолдауға және әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталған осындай игі істердің маңызын жоғары бағалайды. Білім мен бірлікті ұштастырған бұл сайыс қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, кәсіподақ құндылықтарының ортақ мақсат, ынтымақ және өзара сенім екендігін тағы бір мәрте көрсетті.