Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ белсенділерінің кәсіби тұрғыдан өсуіне қажетті өзекті тақырыптарды қамтитын Білім беру марафонын жалғастыруда. 20 қазанда Алматы қалалық кәсіподақ ұйымдарының өкілдері үшін «Кәсіподақтарға арналған жасанды интеллект. Қолдану тәсілдері: технологиялар, тәжірибе және ҚР ЖИ туралы заңы» атты онлайн-семинар өтті.

Семинарды ҚРКФ Оқу орталығының директоры Ләззат Есжанова ашты. Ол кәсіподақ жұмысында цифрлық құралдарды қолданудың маңызына тоқталып, күнделікті жұмысты жеңілдететін жаңа технологияларды меңгеру қажеттігін атап өтті.
«Жасанды интеллект кәсіподақ жұмысына тың мүмкіндіктер ашып отыр. Дегенмен, жаңа технологияларды игеру барысында олардың мүмкіндіктері мен шектеулерін дұрыс түсіну маңызды. Ал жұмысшылардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты түпкілікті шешімдер тек адамның жауапкершілігінде болуы тиіс», – деді Ләззат Есжанова.

Семинарда ҚРКФ Цифрлық технологиялар департаментінің сарапшысы Әділет Қадыркұл дәріс оқыды. Ол тыңдаушыларға жасанды интеллектпен жұмыс істеудің тәжірибелік жолдарын көрсетіп, Қазақстанда бұл саланы реттейтін заң талаптарын түсіндірді.
Қатысушылар жасанды интеллектті ақпараттық жарияланымдар, өтініштерге жауап, презентациялар мен шаралар жоспарын әзірлеуде, сондай-ақ көлемді құжаттарды өңдеуде қалай тиімді пайдалануға болатынын қарастырды.

«Жасанды интеллектті сенімді цифрлық көмекші ретінде қолдануға болады: ол мәліметтерді жүйелеуге, мәтіннің алғашқы нұсқасын құрастыруға, жаңа идеялар табуға және қайталанатын жұмыстарға кететін уақытты үнемдеуге көмектеседі. Бірақ дайын нәтижені қаз-қалпында қабылдауға болмайды. Мазмұн мен ақпараттың анықтығы үшін жауапкершілік адамның өзінде қалады», – деп түсіндірді Әділет Қадыркұл.
Оқу барысында спикер бірнеше танымал сервистің мүмкіндіктерін тарқатты. Сондай-ақ семинардың бір бөлігі нейрожелілерге дұрыс промпт жазу ережелеріне арналды.
«Алынатын жауаптың сапасы көбінесе қойылған сұрақтың қаншалықты нақты тұжырымдалғанына байланысты. Нейрожеліге қандай мәселені шешу қажет екенін, материал кімге арналатынын және нәтиже қандай формада болуы тиіс екенін анық түсіндіру керек. Талаптар нақты болған сайын, келетін пайда да соғұрлым мол болады», – деді спикер.

Семинардың екінші бөлігі Қазақстан Республикасының «Жасанды интеллект туралы» Заңына және осындай технологияларды қолдануда туындайтын құқықтық тәуекелдерге арналды.
Әділет Қадыркұл жұмысты адамның бақылауы, ЖИ қолданудың ашықтығы және нейрожелі арқылы жасалған контентті арнайы белгілеу мәселелеріне кеңінен тоқталды. Бұдан бөлек, қатысушылар заңмен шектелген жағдайларда жасанды интеллектті эмоцияларды тануға және биометриялық жіктеуге пайдалануға қойылған тыйымдарды талқылады.

Кәсіподақ ұйымдары үшін жеке деректерді қорғау мәселесі аса маңызды. Қызметкерлер туралы мәліметтерді заңды негізсіз және қауіпсіздік шараларын сақтамай ашық нейрожелілік сервистерге енгізу құпиялылықтың бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін.
Семинар барысында қатысушылар жасанды интеллекттің көмегімен жазылған материалдарға авторлық құқық кімге тиесілі болатынын да сөз етті.
Шара соңында қатысушыларға жасанды интеллекттің жұмыс істеу ұстанымдары туралы білім берілді. Олар осы технологияның шығу тарихымен, машиналық және адами ойлаудың айырмашылықтарымен, суретті тану қағидаларымен және нейрожелілердің мүмкіндіктері жайлы қалыптасқан қате түсініктермен танысты.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы