«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру дирекциясы» КММ ұжымымен арнайы кездесу өткізді.

Басқосудың басты мақсаты - еңбек заңнамасына енгізілген соны өзгерістерді түсіндіру және кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру.
Кездесу барысында филиал төрағасы 2026 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне бірнеше нормативтік-құқықтық актілермен елеулі түзетулер мен толықтырулар енгізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, еңбек қатынастарын реттеуге тікелей бағытталған негізгі жаңашылдықтар 2026 жылғы 7 сәуірдегі №277-VIII және 3 маусымдағы №295-VIII Заңдарында көрініс тапқаны жеткізілді. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет, цифрландыру және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету салалары бойынша да Еңбек кодексінің жекелеген баптарына енгізілген толықтырулардың мән-жайы баяндалды.

Ашық пікірлесу форматында өткен жиында мекеме қызметкерлері еңбек құқығы, жұмыс уақытының режимі, әлеуметтік кепілдіктер мен еңбек қауіпсіздігіне қатысты көкейкесті сұрақтарын қойып, оларға жан-жақты әрі заңнамаға сәйкес тұщымды жауаптар алды.
Мұндай кездесулер бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын ширатуға және жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сенімді қорғалуын қамтамасыз етуге зор ықпал етеді.