«Aqtobe su-energy group» АҚ өндірістік тәуекелдерді азайту бағытында арнайы оқу-жаттығу өткізді

Салалық және өңірлік жаңалықтар 22.10.2026

«Aqtobe su-energy group» АҚ өндірістік тәуекелдерді азайту бағытында арнайы оқу-жаттығу өткізді

«Aqtobe su-energy group» АҚ-да еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері тұрақты бақылауда. Кәсіпорынның 2300-ден астам қызметкері еңбек ететін өндірістік нысандарда қауіпсіз жұмыс жағдайларын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттанудың алдын алу және төтенше жағдайларға дайындықты арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Бұл ретте кәсіподақ ұйымы да жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға ерекше мән береді.

 

 

Жақында Тамды бастоғаны ІІ-көтеріліміндегі хлоратор бекетінде азаматтық қорғау бойынша арнайы оқу-жаттығу өтті. «Хлоратор қондырғысының герметикалығының бұзылуы және хлоратор ғимаратында хлордың ағуы» тақырыбына арналған жаттығудың мақсаты — қызметкерлердің төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдарға дайындығын арттыру және авариялық қызметтердің өзара байланысын пысықтау болды.

 

Жаттығу барысында шартты авариялық жағдай модельденіп, қатысушылар белгіленген алгоритм бойынша әрекет етті. Қызметкерлер қауіпті аймақты оқшаулау, тиісті қызметтерге хабарлау және авария салдарын жоюға бағытталған шараларды ұйымдастыру бойынша практикалық дағдыларын көрсетті.

Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету — тек жұмыс берушінің ғана емес, еңбек ұжымы мен кәсіподақ ұйымының да ортақ міндеті. Осы бағытта кәсіпорында өндірістік кеңес жұмыс істейді. Ол еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелерін қарастырып, өндірістік нысандардағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалайды. Қызметкерлердің ұсыныстары мен еңбек жағдайына қатысты мәселелерді талқылау қауіп-қатердің алдын алуға және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мамандар еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша оқыту курстарына, білімді тексеру рәсімдеріне және біліктілікті арттыру бағдарламаларына жіберіледі. Өндірістік нысандарда жоспарлы оқу-жаттығулар, күнделікті қауіпсіздік сабақтары мен нұсқамалар өткізіліп, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл тәртібі тұрақты пысықталады.

Су құбыры, кәріз және жылу желілері, сорғы станциялары мен басқа да өндірістік нысандарда еңбек ететін мамандар үшін қауіпсіздік талаптарын білу ғана емес, оларды күнделікті жұмыста мүлтіксіз орындау да маңызды. Әр қызметкердің жауапкершілігі, уақтылы оқытылуы және ұжымдық үйлесімді әрекеті өндірістік тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.