Кәсіподақ көмектеседі: еңбек қатынастарындағы құқықтық сауаттылықты арттыру – басты назарда

Салалық және өңірлік жаңалықтар 22.10.2026

Кәсіподақ көмектеседі: еңбек қатынастарындағы құқықтық сауаттылықты арттыру – басты назарда

«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай кәсіподақтық науқаны аясында жүзеге асырылып жатқан «Кәсіподақ көмектеседі» жобасы еңбек адамдарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға және еңбек қатынастарында заң талаптарының сақталуына бағытталған маңызды бастамалардың бірі.

Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Сарысу аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Білім беру ұйымдарындағы кадрлық іс жүргізуді ұжымдық шарт пен келісімдер негізінде жүргізу тәртібі» тақырыбында аудандық семинар өткізілді.

Іс-шараға білім беру ұйымдарының бірінші басшылары, іс жүргізушілері мен хатшыларын қоса алғанда, барлығы 88 қызметкер қатысты. Семинардың негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарындағы кадрлық құжаттаманы жүргізу тәртібін түсіндіру, еңбек қатынастарын реттеудегі қолданыстағы заңнама талаптарын кеңінен насихаттау және ұжымдық шарттар мен келісімдердің маңызын түсіндіру арқылы қызметкерлердің кәсіби біліктілігі мен құқықтық сауаттылығын арттыру.


Семинар жұмысын Жергілікті кәсіподақтың құқықтық қызметінің жетекшісі Әлия Жолшыбекова жүргізді. Ол қатысушыларға кадрлық іс жүргізу барысында басшылыққа алынуы тиіс заңнамалық нормалар мен құқықтық талаптарды түсіндіріп, еңбек қатынастарын құжаттамалық сүйемелдеудің ерекшеліктеріне тоқталды.


Кездесу барысында кадрлық құжаттарды заң талаптарына сәйкес дұрыс рәсімдеу, еңбек қатынастарына қатысты құжаттардың мазмұны мен тәртібін сақтау, сондай-ақ ұжымдық шарттар мен келісімдерде белгіленген нормаларды күнделікті қызметте тиімді қолдану мәселелері кеңінен қарастырылды. Әсіресе, еңбек қатынастарында туындауы мүмкін құқықтық мәселелердің алдын алу, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы өзара жауапкершілікті нығайту және еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.


«Кәсіподақ көмектеседі» жобасының негізгі мәні – кәсіподақ мүшесіне нақты көмек көрсету, оның құқықтық білімін жетілдіру және еңбек қызметінде заңды мүдделерін қорғауға қолдау білдіру. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай семинарлар тек ақпараттық-түсіндіру шарасы ғана емес, сонымен қатар білім беру ұйымдарындағы еңбек қатынастарын сауатты ұйымдастыруға, кадрлық құжаттамадағы қателіктердің алдын алуға және әлеуметтік әріптестікті дамытуға ықпал ететін маңызды алаң болып саналады.


Семинарға қатысушылар өздерінің күнделікті қызметінде кездесетін мәселелер бойынша құқықтық түсініктерін кеңейтіп, кадрлық құжаттарды рәсімдеу кезінде заңнама талаптарын басшылыққа алудың маңызын тереңірек түсінді. Іс-шара соңында барлық қатысушыларға облыстық оқу-әдістемелік орталығының сертификаттары табысталды.


Жалпы, осындай оқыту және түсіндіру шараларын ұйымдастыру – кәсіподақ қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Өйткені құқықтық сауатты қызметкер өз міндеттері мен құқықтарын жақсы біледі, ал еңбек қатынастарында заң талаптарының сақталуы ұжымдағы тұрақтылық пен өзара сенімнің нығаюына негіз болады.