«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акция аясындағы кездесулер легі жалғасуда

Салалық және өңірлік жаңалықтар 23.10.2026

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акция аясындағы кездесулер легі жалғасуда

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі Төлеби ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Жарық жол» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің еңбек ұжымымен кездесті.

 


«YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық   салалық  кәсіптік одағы» Түркістан облыстық филиалына қарасты «Жарық жол» коммуналдық мемлекеттік мекемесін Асқар Тұртаев басқарады. Бүгінде мекемеде 56 жұмыскер еңбек етіп, ауданның тазалығы мен көркеюіне, жолдар мен қоғамдық аумақтардың күтіп-ұсталуына бағытталған жұмыстарға үлес қосып келеді.
 

Кездесу барысында еңбек ұжымының күнделікті қызметі, жұмыс барысында туындайтын мәселелер және жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері назарға алынды. Әсіресе, жол саласында еңбек ететін мамандар үшін қауіпсіз әрі лайықты еңбек жағдайларын қалыптастырудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Кәсіподақ төрағасы Бердіғали Өмірәлі өз сөзінде еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау, өндірістік жарақаттанудың алдын алу, жұмысшыларды арнайы киіммен және жеке қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз ету мәселелерін сөз етті. Сонымен бірге, кәсіподақтың еңбек заңнамасының орындалуын бақылаудағы, қызметкерлерге құқықтық көмек көрсетудегі және жұмыс берушімен әлеуметтік әріптестікті нығайтудағы орны терең түсіндірілді.


«Кәсіподақ қызметінің өзегі - еңбек адамының қасынан табылып, оның заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау. Ал бастауыш ұйымдармен тұрақты кері байланыс орнату - әлеуметтік әріптестікті дамытудың және кәсіподақ қозғалысының беделін арттырудың басты кепілі», - деп атап өтті Бердіғали Өмірәлі.