Оралдағы семинар: Гендерлік тендік, әйелдер еңбегін қорғау және кәсіподақ тәжірибесі

Федерация жаңалықтары 27.10.2026

Оралдағы семинар: Гендерлік тендік, әйелдер еңбегін қорғау және кәсіподақ тәжірибесі

Сейсенбі, 27 қазанда Орал қаласында «БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары шеңберінде кәсіподақ тәжірибесіндегі гендерлік теңдік және еңбек құқықтары» тақырыбында республикалық семинар-тренинг басталды. 

Іс-шараны Қазақстандық оқу-ағарту, жоғары білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

 

Екі күнге жоспарланған семинар барысында қатысушылар мен сарапшылар халықаралық еңбек стандарттарын, ұлттық заңнаманы, кәсіподақ арқылы еңбек құқықтарын қорғаудың заманауи тәсілдерін, әйелдердің көшбасшылық әлеуетін дамыту және бұқаралық ақпарат құралдарымен тиімді байланыс орнату мәселелерін қарастырады. Сонымен қатар талқылау барысында алынған білім мен ұсынылған тәсілдерді кәсіподақ ұйымдарының күнделікті жұмысына қалай енгізуге болатыны айқындалады.

Оқу-ағарту, жоғары білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева Қазақстанда азаматтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерін нығайтуға, әйелдерді жұмыспен қамтуға, сапалы білім мен медициналық көмек алуын қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды заңнамалық және институционалдық реформалар жүріп жатқанын атап өтті. Мемлекет қолға алған бұл шаралар кәсіподақ ұйымдарына да үлкен жауапкершілік жүктейді.

«Адам құқығын қорғау мен қоғамдағы теңдікті орнату, ең алдымен, еңбек өрісінен - әрбір жұмыс орнынан басталуы тиіс. Әйелдердің еңбек құқығын қорғау, оларға лайықты ақы төлеу, қандай да бір алалауға жол бермеу және олардың көшбасшылық қабілетін ашуға жағдай жасау — тұрақты дамудың басты кепілі. Гендерлік саясат тек әлеуметтік мәселе болудан әлдеқашан асып түсті. Бүгінде бұл — еңбек қатынастарының сапасын, әлеуметтік әріптестік институтының кемелдігін және қоғамның тұрақты дамуын көрсететін басты көрсеткіштердің бірі», – деді Айгүл Мұқашева.

Бұл мәселе әйелдер мен ерлердің кәсіби мүмкіндіктерге бірдей қол жеткізуімен ғана шектелмейді. Ол еңбектің әділ төленуі, жұмыс орнының қауіпсіздігі, алалаудан қорғау, кәсіби және отбасылық міндеттерді қатар алып жүру, сондай-ақ сондай-ақ әйелдердің шешім қабылдау үдерісіне толыққанды қатысуын қамтиды.

«Бұл мәселелер оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім саласында айрықша маңызға ие. Себебі аталған сала қызметкерлерінің басым бөлігі – әйелдер. Жалпы, саладағы еңбеккерлердің 74 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Сондықтан біз, кәсіподақтар, туындаған мәселелерге жауап берумен ғана шектелмей, теңсіздіктің алдын алуға, еңбек құқықтарын қорғауға, әйелдердің кәсіби тұрғыдан өсуіне және қоғамдық өмірде көшбасшылық танытуына мүмкіндік беретін жүйелі тетіктерді қалыптастыруымыз қажет. Семинар Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттары аясында өткізіліп отыр. Тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етпей, лайықты еңбекке қол жеткізу мүмкін емес. Ал еңбеккерлердің бір бөлігі өз құқықтарын жүзеге асыру кезінде кедергілерге тап болып отырса, тұрақты даму туралы айту қиын», – деп атап өтті салалық кәсіподақ төрағасы.

Семинарға қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, ҚРКФ Гендерлік комиссиясының төрағасы Гүлнәр Жұмагелдиева ашық пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге және шешімдерді бірлесіп іздеуге ниет білдіргендері үшін қатысушыларға алғыс айтты.

«Гендерлік теңдік – адам құқықтарын сақтау мәселесі ғана емес. Ол еңбек саласының сапасын арттырудың, әлеуметтік әділеттілікті нығайтудың, экономиканы дамытудың және әрбір адам өз мүмкіндіктерін толық жүзеге асыра алатын инклюзивті қоғам қалыптастырудың да маңызды шарты. Кәсіподақ қызметінде Біріккен Ұлттар Ұйымының № 5 «Гендерлік теңдік» және № 8 «Лайықты еңбек және экономикалық өсу» Тұрақты даму мақсаттары негізгі бағдар болуы керек. Бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін әділ еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, бірдей еңбекке бірдей ақы төлеу, кемсітушіліктің алдын алу және кәсіби дамуға жол ашу қажет», – деп атап өтті Гүлнәр Жұмагелдиева.

Оның айтуынша, бұл міндеттерді шешуде кәсіподақтарға айрықша рөл жүктеледі.

«Кәсіподақтар жұмысшылардың мүддесін қорғайды, әлеуметтік әріптестікті дамытуға, ұжымдық шарттарды жетілдіруге және еңбек құқығын қорғайтын тиімді механизмдерді қалыптастыруға қатысады. Гендерлік теңдік мәселелері кәсіподақ қызметінің жеке бір бағыты ретінде ғана қарастырылмай, бүкіл жұмыстың ажырамас бөлігіне айналуы маңызды», – деді ҚРКФ Гендерлік комиссиясының төрағасы.

Өз кезегінде Батыс Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Айгүл Есекенова өңірлік Кәсіподақтар орталығы бүгінде 11 салалық және 13 жергілікті кәсіподақтың жұмысын үйлестіретінін хабарлады. Олардың құрамына 1 150 бастауыш кәсіподақ ұйымы кіреді. Жалпы, өңірдегі кәсіподақ мүшелерінің саны – 70 393 адам.

«Өңірдегі ірі кәсіподақ ұйымдарының бірі – Оқу-ағарту, жоғары білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облысы филиалы. Бүгінде филиал 34 309 кәсіподақ мүшесін біріктіріп, білім беру саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар филиал әлеуметтік әріптестікті нығайтуға, еңбек қатынастарын жетілдіруге және кәсіподақ мүшелеріне жан-жақты қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөледі», – деді Айгүл Есекенова.

Семинардың алғашқы күнінде арнайы баяндамалар жасалып, сарапшылар деңгейінде талқылаулар өтті.

Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) халықаралық стандарттары мен Қазақстан Республикасының әйелдер еңбегін реттеу заңнамасы туралы ҚРКФ Оқыту, зерттеу және дауларды шешу орталығының директоры Ләззат Есжанова баяндады.

Еңбек құқығы жөніндегі сарапшы Халықаралық еңбек ұйымының гендерлік теңдік пен әйелдердің еңбегін қорғауға қатысты конвенцияларының мазмұнына, сондай-ақ олардың ұлттық заңнамаға енгізілуіне жан-жақты тоқталды. Ләззат Есжанова өз баяндамасында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіндегі нормаларға ерекше назар аударды.

Кәсіподақтардың қоғамдағы орнын нығайту және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс орнату мәселелері ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығының директоры Гүлмира Қаракөзованың баяндамасына арқау болды. 

Баяндамашы кәсіподақ ұйымдары мен олардың көшбасшылары үшін қоғаммен және бұқаралық ақпарат құралдарымен тиімді байланыс орнатудың маңызын атап өтті.

Семинар барысында әйелдердің құқықтарын қорғау құралы ретінде кәсіподақ жанындағы гендерлік қолдау қызметінің мүмкіндіктері де қарастырылды. 

 

Бұл тақырыпты PhD докторы, адами ресурстар жөніндегі сарапшы, инновациялық ойындар мен әдістемелердің авторы Гүлзи Нәби интерактивті форматта таныстырды.

Алғашқы күн «еркін микрофон» форматымен аяқталды. Онда қатысушылар жиынды қорытындылап, өзара пікір алмасты және алған тәжірибелерін күнделікті кәсіподақ жұмысында қолдану мүмкіндіктерін талқылады.

Қатысушылардың айтуынша, бұл семинар кәсіби тәжірибе бөлісетін, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына сай әйелдердің еңбек кепілдіктерін нығайтуға және әділ еңбек қатынастарын дамытуға бағытталған нақты шешімдерді талқылайтын тиімді алаңға айналды.

28 қазанда семинар-тренинг өз жұмысын әрі қарай жалғастырады. Екінші күннің бағдарламасында - лайықты еңбекті кәсіподақ қозғалысының басты басымдығы ретінде қарастыру, кәсіподақтардың экономикалық өсімді қамтамасыз етудегі орны, көшбасшылықты дамыту, сондай-ақ әйелдердің Қазақстанның қоғамдық өміріне қосатын үлесі сияқты мәселелер талқыланады.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы