Қостанай облысының кәсіподақ белсенділеріне заңнамадағы өзгерістер түсіндірілді

Федерация жаңалықтары 27.10.2026

Қостанай облысының кәсіподақ белсенділеріне заңнамадағы өзгерістер түсіндірілді

Сейсенбі, 27 қазанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Білім беру марафоны» оқыту жобасы аясында Қостанай облысының кәсіподақ белсенділеріне арналған кезекті онлайн кездесуі өтті.

 Білім беру марафонын Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Оқу орталығының директоры Ләззат Есжанова ашты. Ол өз сөзінде кәсіподақтық оқытудың еңбек адамдының құқығы мен мүддесін қорғаудағы, кәсіподақ белсенділерінің кәсіби құзыреттерін арттырудағы және құқықтық сауаттылығын жетілдірудегі маңыздылығына тоқталды.

Оқу орталығының директоры еңбек заңнамасындағы өзгерістерді уақытылы зерделеу және оларды тәжірибеде дұрыс қолдану кәсіподақ өкілдері үшін аса маңызды екенін атап өтті. Себебі заңнамалық жаңашылдықтарды терең түсіну жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға, еңбек қатынастарында туындайтын мәселелердің алдын алуға және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға мүмкіндік береді.

 

Бүгінгі оқытудың негізгі тақырыбы – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына 2026 жылы енгізілген өзгерістер және олардың еңбек қатынастарын реттеу тәжірибесіне ықпалы.

 

Семинарды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің бас сарапшысы Асқар Нұрымбетов жүргізді.

Оқыту барысында спикер еңбек заңнамасындағы жаңа нормаларға тоқталып, олардың жұмыскерлердің құқықтарын қорғаудағы, жұмыс берушілердің міндеттерін нақтылаудағы және еңбек дауларының алдын алудағы маңызын түсіндірді.

«2026 жылғы 7 сәуірдегі № 277-VIII Қазақстан Республикасының Заңымен Еңбек кодексіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, еңбек шартының белгілері бар азаматтық-құқықтық шарттарды жасасуға шектеу қойылды. Егер шартта еңбек қатынастарына тән белгілер болса, оның атауына қарамастан, құқықтық сипаты нақты мазмұнына қарай айқындалады. Бұл норма еңбек қатынастарын дұрыс ресімдеуге, жұмыскерлердің заңда көзделген құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуына ерекше мән беруді талап етеді», -  деп еңбек заңнамасындағы өзгерістерге тоқталды спикер.

 

Оқыту барысында үстеме жұмысқа, мереке және демалыс күндеріндегі, түнгі уақыттағы жұмысқа ақы төлеу, жұмыс уақытын жиынтық есепке алу кезінде үстеме сағаттарды анықтау мәселелеріне де назар аударылды. Бұл нормаларды дұрыс қолдану кадр қызметтері мен жұмыс берушілер үшін ғана емес, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға жауапты кәсіподақ өкілдері үшін де маңызды.

Сонымен қатар спикер еңбек заңнамасындағы өзгерістер ұжымдық шарттардың мазмұнын жетілдіруге де бағытталғандығын айтты.  Атап айтқанда, ұжымдық шартта еңбекақы деңгейлерінің арақатынасы, еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізу тәртібі, жәрдемақылар мен өтемақылар төлеу мәселелері қарастырылуы мүмкін. 

 

«Бұл кәсіподақтардың келіссөздер жүргізу, жұмыскерлердің мүдделерін білдіру және еңбек жағдайларын жақсартуға ықпал ету мүмкіндіктерін кеңейтеді.  Заңнамаға енгізілген өзгерістер келісу комиссиясының жұмысына тәуелсіз делдал тарту тәртібін нақтылайды. Тараптардың ұсынысты белгіленген мерзімде қарауы және делдалдың жазбаша келісімін алу талаптары да маңызды. Бұл өзгерістер еңбек дауларын шешу рәсімдерін жетілдіруге және тараптар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған» деді спикер Асқар Нұрымбетов.

 

Семинар барысында қатысушылар сауалдарын қойып, нақты мысалдарды талқылады.