Тау шыңын да, тоқ көзін де бағындырған маман

Салалық және өңірлік жаңалықтар 28.10.2026

Тау шыңын да, тоқ көзін де бағындырған маман

«Қуатты кәсіподақтар — еңбек адамының қуатты үні» науқаны аясында «Көкшетау Энерго» мекемесінің бөлім басшысы Әділет Мұқашевті сөзге тартқан едік. Ол — өз ісін жетік білетін, жауапкершілігі жоғары жас маман.

 

Компанияда он екі жылдан бері тер төгіп келе жатқан Әділеттің өсу жолы кейінгі жастарға үлкен өнеге. Алғаш еңбек жолын қарапайым есепші мен бақылаушы болып бастаған ол білімінің арқасында инженерлік дәрежеге көтеріліп, бүгінде бөлімді басқарып отыр. Қазіргі міндеті де оңай емес: электр құрылғыларын үздіксіз қадағалап, релелік қорғаныс пен автоматикаға заманауи цифрлық технологияларды енгізу. Өзі ізденіп қана қоймай, жиған-терген тәжірибесін артынан ерген жас мамандарға үйретуден жалыққан емес.

 

«Қазір электр желілерін цифрландыру өте қарқынды жүріп жатыр. Заман ағымынан қалмай, жаңа жабдықтардың қыр-сырын үйрену — басты талап. Осы салада жолымды ашып, бағыт-бағдар берген ұстаздарыма және 12 жыл бойы осы қызметті абыроймен басқарған тәлімгерім К.А. Аиповқа алғысым шексіз», — дейді Әділет Бисенбайұлы.

 

Өндірістегі тынымсыз тірліктен қолы босағанда ол шахмат ойнап, тауға шығуды, спорттық туризм мен шығыс жекпе-жегін серік етеді. Ал өмірдегі ең үлкен қуанышы мен сүйеніші — отбасы, жұбайы мен төрт баласы.

 

Әдлеттің еңбектегі жетістігі — өз кәсібіне деген адалдық пен заман ағымына сай ізденістің жемісі. Адам капиталына инвестиция салу, жастарды қолдау және еңбек жағдайын жақсарту — кәсіподақ ұйымының да басты назарында. Өйткені әр еңбеккердің артында елдің ертеңі мен өндірістің болашағы тұр.