Сәрсенбі, 28 қазанда Орал қаласында «БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары шеңберінде кәсіподақ тәжірибесіндегі гендерлік теңдік және еңбек құқықтары» атты республикалық семинар-тренинг өз жұмысын жалғастырды. Қатысушылардың басты назарында - кәсіподақ қозғалысының гендерлік теңдік саласындағы басым бағыттары, әйелдер еңбегін қорғау, қауіпсіз және лайықты жұмыс жағдайын жасау, сондай-ақ әйелдер көшбасшылығын дамыту мәселелері болды.
Шараны Қазақстандық оқу-ағарту, жоғары білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча семинарға қатысушыларға арнаған бейнежолдауында елімізде гендерлік теңдік қағидаттарын жүзеге асыруға қажетті құқықтық негіз қалыптасқанын атап өтіп, алдағы басты міндеттерді айқындап берді.

Халықаралық сарапшының айтуынша, Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының бірдей еңбекке тең ақы төлеу, кемсітушілікке жол бермеу, ананы қорғау және отбасылық міндеттері бар жұмыскерлерге қатысты маңызды конвенцияларын бекіткен. Дегенмен, бұл талаптарды іс жүзінде орындау үшін әрбір мекеме мен ұйым деңгейінде белсенді жұмыс жүргізілуі тиіс.
«Кәсіподақтар теңдікті жай сөзбен емес, нақты іспен дәлелдей алады. Бұл үшін мына үш бағытқа көңіл бөлген жөн. Біріншісі – ұжымдық шарттардың сапасын арттыру. Екіншісі – көмек көрсету жүйесін баршаға қолжетімді әрі қауіпсіз ету. Қазір талқыланып жатқан кәсіподақ жанындағы гендерлік қолдау орталығы өте пайдалы құрал бола алады. Ең бастысы - жұмыскерлер қайда жүгінетінін білуі, ақпараттың жария болмайтынына сенуі және көмекті уақтылы алуы керек. Үшіншісі - шешім қабылдауға әйелдердің өзін қатыстыру. Қызметкерлердің атынан сөйлеу ғана жеткіліксіз. Әртүрлі жастағы, түрлі мамандықтағы және әр өңірдегі әйелдерге кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің шешіміне тікелей ықпал етуге мүмкіндік беру керек. Бұл ұсыныстар Тұрақты даму мақсаттарына толық сай келеді. Бұл басымдықтар БҰҰ-ның Қазақстанмен 2026–2030 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасында да бар. Онда тең мүмкіндіктер, лайықты еңбек және адам құқығын қорғау мәселелері басты орында тұр. БҰҰ, оның ішінде Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) мен «БҰҰ-әйелдер» құрылымы Қазақстандағы әріптестермен әрі қарай да байланыс жүргізуге, халықаралық тәжірибесімен бөлісуге және жұмыскерлердің нақты қажеттіліктеріне сай шешімдерді қолдауға дайын», - деді БҰҰ өкілі.

Білім беру саласындағы әйелдер үшін маңызды стратегиялық басымдықтарды Қазақстандық оқу-ағарту, жоғары білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева айқындап берді.
«Елімізде отбасын нығайту, ана мен әкені, баланы қорғау, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптеу - мемлекет үшін әрдайым маңызды. Өздеріңіз білетіндей, бұл ережелер жаңа Конституцияға да енгізілді. Президент те бұл мәселелерді айқындап берді, қазір мемлекет бұл бағытта нақты қадамдар жасап жатыр. Сондықтан мемлекеттік саясат тек құрғақ есеп үшін емес, әрбір адам мен әр отбасы оның пайдасын сезететіндей нәтиже беруі керек. Бұл кәсіподақтар үшін де өте маңызды. Біз тек теңдік туралы айтып қоймай, іске көшуіміз керек. Еңбекті қорғау, жұмыс орнындағы қысымға жол бермеу, тең мүмкіндіктер мен қолайлы жұмыс жағдайын жасау жүйелі түрде шешілуі тиіс. Кәсіподақтар мұндай мәселелерді уақытылы анықтап, оларды жоюға ықпал етуі керек. Сондай-ақ заңдарды жетілдіріп, жұмыскерлердің мүддесін қорғауды жалғастыруымыз қажет», - деді салалық кәсіподақ басшысы.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, Гендерлік комиссия төрағасы Гүлнәр Жұмагелдиева өз сөзінде баршаға тең мүмкіндік беру, әділ жалақы төлеу және қауіпсіз жұмыс орнын қамтамасыз ету сияқты басымдықтар жұмыскерлердің әл-ауқаты мен ел экономикасы үшін өте маңызды екенін баса айтты.
«Гендерлік теңдік - бұл тек әділдік емес. Бұл - дұрыс еңбек жағдайын жасаудың, тиімді серіктестік пен қуатты кәсіподақ құрудың басты шарты», - деді Гүлнәр Жұмагелдиева.

Ол ҚРКФ-ның бұл бағыттағы басты жұмыстарын атап өтті. Оның ішінде әйелдердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау, аналар мен балалы отбасыларға жәрдемдесу, қысым мен зорлық-зомбылыққа жол бермеу, сондай-ақ әйелдер арасынан кәсіподақ көшбасшыларын дайындау бар.
«2021 жылы ҚРКФ-ның Гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжат кемсітушілікті жою, бірдей еңбекке тең жалақы төлеу, әйелдердің жұмыс жағдайын жақсарту және олардың еңбек нарығындағы мүмкіндігін кеңейту міндеттерін айқындады. Тағы бір маңызды қадам - бұрын әйелдерге жұмыс істеуге тыйым салынған зиянды әрі қауіпті кәсіптер тізімін жою бойынша жасалған жұмыстар болды. Осымен бірге жұмыс орнындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау да басты назарда қалады», - деді Гүлнәр Жұмагелдиева.
Баяндамада аналар мен балалары бар отбасыларға берілетін әлеуметтік көмектер туралы да айтылды. Кәсіподақтар федерациясы бала күтіміне берілетін қаржылай көмек мерзімін ұзарту мәселесін ұзақ уақыт бойы көтеріп келген. Соның нәтижесінде 2023 жылдан бастап бала күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзарды.
«Ұжымдық шарттар - әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етудің ең басты құралы. Гендерлік ережелер Бас, салалық және өңірлік келісімдерге енгізіліп, онда әйелдерге, отбасылық міндеттері бар жұмыскерлерге және бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға қосымша көмек шаралары қарастырылады. 2025 жылы кәсіподағы бар мекемелердің 95 пайызында ұжымдық шарттарға әйелдерге, балалары бар жұмыскерлерге және жас мамандарға арналған жеңілдіктер енгізілді», - деді Гендерлік комиссия төрағасы.

Гүлнәр Жұмагелдиеваның айтуынша, 2024 жылы 2000-нан астам жұмысшы әйелдердің қатысуымен «Қазақстан Республикасындағы әйелдердің еңбек құқықтары» деген әлеуметтік зерттеу жүргізілген. Бұл зерттеу әйелдердің жұмыс орнында туындаған мәселелерін анықтауға жол ашты. Осыдан кейін өткен «Еңбек саласындағы әйелдер: жаңа шешімдер кезеңі» форумының қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданды. Онда әйелдердің экономикалық мүмкіндігін арттыру, бірдей еңбекке тең жалақы төлеу, жұмыс жағдайын жақсарту, аналарды қолдау және әлеуметтік көмектерді дамыту бойынша ұсыныстар жазылған.
«Басты басымдықтарымыздың бірі - жұмыс орнында қысымға, зорлық-зомбылыққа және кемсітушілікке жол бермейтін қауіпсіз орта қалыптастыру. 2023 жылы ҚРҚФ Бас кеңесі «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік» тұжырымдамасын бекітті. Бұл құжат мұндай жағымсыз жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Сонымен бірге Федерация жұмыс орнындағы қысым көрсетуді заң жүзінде реттеуге және заңнаманы жетілдіруге белсене қатысты. Әсіресе Халықаралық еңбек ұйымының жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен қысым туралы № 190 Конвенциясын қабылдауға ерекше көңіл бөліп келеді. Кәсіподақтар федерациясы бұл мәселені 2021 жылдан бері көтеріп келеді», - деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар ҚРКФ жоспарында Әйелдердің кәсіподақтық көшбасшылық мектебін құру, халықаралық байланыстарды кеңейту және мемлекеттік органдармен, жұмыс берушілермен, депутаттармен, сарапшылармен, қоғамдық ұйымдармен тығыз жұмыс істеу бар.
«Біз тең мүмкіндіктер тек қағазда қалмай, әрбір жұмыс орнында күнделікті орындалуына қол жеткізуіміз керек», - деп түйіндеді Гүлнәр Жұмагелдиева.
Семинар бағдарламасы ары қарай ұжымдық көшбасшылық, әйелдердің тарихтағы рөлі мен қазақстандық әйелдердің жетістіктеріне арналған баяндамалармен жалғасты.
Еңбекші әйелдер ісі жөніндегі республикалық комиссия төрағасы Индира Сақауова «Ұйымшылдық әсері: ұжымдық көшбасшылықты дамытудағы әйелдер комиссиясының рөлі» тақырыбында сөз сөйледі. Ол салалық кәсіподақтың жұмысшы әйелдерді қолдау бағытындағы атқарған істерін егжей-тегжейлі баяндады.

Кәсіподақ деректеріне сүйенсек, тек 2025 жылдың өзінде кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасыларына 435 миллион теңге көлемінде материалдық көмек берілген. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында 9 мыңнан астам балаға көмек көрсетіледі. Ал соңғы бір жарым жыл ішінде заңсыз жұмыстан шығарылған 58 мұғалім қайтадан өз жұмысына орнықты.

«Алтын Ханшайымнан» бүгінгі күнге дейін: әйелдердің қоғамдағы тарихи тамыры мен қазіргі мәртебесі» деген тақырыпты Гендерлік комиссия мүшесі, археолог Яна Лукпанова таныстырды.

Археолог-зерттеуші Тақсай қорғанында жүргізілген қазба жұмыстары туралы айтты. Онда кейіннен «Алтын Ханшайым» деп аталған әйелдің сүйегі табылған болатын. Ғалымның айтуынша, бұл археологиялық олжалар бұрынғы заманда әйелдердің қоғамдағы орны мен мәртебесі ерлермен тең болғанын толық дәлелдейді.
«Тарихымыздың түрлі кезеңдерінде әйелдер қоғамда үлкен көшбасшылық рөл атқарған. Сондықтан білім алу мен тиісті қолдау әйелге туған сәттен бастап берілуі керек», - деді Яна Лукпанова.
«Жетістікке жету жолы» бөлімінде Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик Шалқыма Құрманалина мен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері, Батыс Қазақстан облыстық Еңбекші әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрағасы Эльмара Траисова өздерінің еңбек жолымен бөлісті.

«Мен үшін табыс - бір рет таңдалған жол. Мұғалім болу - өз халқыңа қызмет ету, ел болашағы үшін жауапкершілік алу деген сөз. 36 жылдық еңбек өтілімнің 12 жылында кәсіподақты басқару - мен үшін үлкен мәртебе. Бейжай қарамау, өз ісіңді сүю, жауапкершілікті сезіну және әділдікке сену - менің табысымның басты формуласы», - деді еңбек сіңірген педагог.

Екі күндік семинар-тренингтің қорытындысын Оқу-ағарту, жоғары білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева жасады.

«Семинар өз арамызда тәжірибе алмасып, әйелдердің еңбек құқығын қорғаудың нақты жолдарын талқылайтын жақсы алаңға айналды. Талқыланған мәселелер БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына сай тең мүмкіндіктерді ілгерілету, дұрыс еңбек жағдайын жасау және әлеуметтік әріптестікті нығайту бойынша кәсіподақтардың жүйелі жұмысы қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қатысушылар екі күндік жұмысты қорытындылап, мұнда алған білімді әрі қарай кәсіподақ ұйымдарының жұмысында қалай қолдану керектігін талқылады», - деді Айгүл Мұқашева.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы