Сәрсенбі, 28 қазанда республикалық «Кәсіподақ десанты» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы Орал қаласындағы «Жайықжылуэнерго» АҚ-на барды. Делегацияны ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева бастап барды. Сапар барысында Кәсіподақтар федерациясының өкілдері кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесіп, жылу-энергетика саласы мамандарының еңбек жағдайымен танысты. Сонымен бірге еңбек кепілдіктері мен өндірістік қауіпсіздік мәселелерін талқылады.

Кездесу қаланы электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етіп отырған маңызды кәсіпорында өтті. Жиынға кәсіпорын басшылығы мен кәсіподақ жетекшісі де қатысты.
«Жайықжылуэнерго» АҚ Орал қаласында 1960 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын электр және жылу энергиясын өндіреді, сондай-ақ қазандықтар мен құбырларды жөндеп, пайдаланумен айналысады. Жылу-электр орталығының электр қуаты — 60,5 МВт, ал жылу қуаты — 871 Гкал/сағ. Қалаға жылу жеткізуде тармақталған жүйенің орны ерекше. Кәсіпорынға қарасты жылу желілерінің жалпы ұзындығы 248,6 шақырымды құрайды. Мұнымен қоса, мекеме теңгерімінде 23 қазандық бар, онда 55 су жылыту қазаны орнатылған. Оның 12-сі тек жылыту маусымында жұмыс істесе, қалған 11-і жыл бойы үзіліссіз жылу беріп тұрады.
.jpg)
Жергілікті кәсіподақ төрағасы Қуат Мусиннің айтуынша, мекемеде 1 012 адам жұмыс істейді, оның 310-ы ЖЭО-да еңбек етеді. Жұмыскерлердің барлығы дерлік (100 пайызға жуығы) кәсіподаққа мүше. Орташа айлық жалақы — 283 400 теңге. Осы жылдың 1 қарашасынан бастап жұмыскерлердің жалақысы 6 пайызға өседі.
Аралау барысында Кәсіподақтар федерациясының өкілдері кәсіпорынның өндірістік жұмысымен және жылу-энергетика саласы мамандарының еңбек жағдайымен жақын танысты. Ұжыммен кездесу — жұмыскерлерге тікелей қатысты мәселелерді талқылауға, сондай-ақ олардың мүддесін қорғау, қауіпсіз жұмыс ортасын құру және әлеуметтік әріптестікті дамытудағы кәсіподақтың рөлін сөз етуге жақсы мүмкіндік болды.

«Энергетиктер мен жылу мамандарының жұмысы қаланы үзіліссіз жылумен және электрмен қамтамасыз етуде, күрделі техникалық құралдарды пайдалануда және өндірістік қауіпсіздікті сақтауда үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мұндай жағдайда еңбекті қорғау, өндірістік жарақаттардың алдын алу, жұмыскерлерді қажетті жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету және бекітілген әлеуметтік-еңбек кепілдіктерін сақтау өте маңызды», — деді ұжыммен кездесуде ҚРКФ Төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева.
ҚРКФ делегациясының басшысы Кәсіподақтар федерациясының басты басымдықтарына тоқталып өтті.
«Бұл саладағы жұмыскерлердің жалақысы аз екені Кәсіподақтар федерациясына белгілі. Қазіргі уақытта біз Үкіметтегі әлеуметтік әріптестерге ұсыныстар дайындап жатырмыз, оның ішінде сіздердің салалаларыңыздың еңбекақысын көтеру мәселесі де бар. Кәсіподақтар федерациясы үшін мұндай сапарлар еңбек жағдайын тікелей жұмыс орнында бағалауға, жұмыскерлердің пікірін естуге және жұмыскер, жұмыс беруші, кәсіподақ және мемлекеттік органдар арасында ашық диалог орнатуға мүмкіндік береді», — деді Гүлнәр Жұмагелдиева.
«Жайықжылуэнерго» АҚ-на жасалған бұл сапар — Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ десанты» жобасы аясындағы жұмысының жалғасы. Жобаның басты мақсаты — кәсіподақтар мен еңбек ұжымдары арасындағы байланысты нығайту, жұмыс орындарындағы жағдайды өз көзімен көріп, кәсіподақтар, жұмыс берушілер мен әлеуметтік әріптестер тарапынан шешуді талап ететін мәселелерді анықтау.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы