Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ десанты» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысының Кәсіподақтар орталығы кәсіподақ мүшелеріне арналған оқыту семинарын ұйымдастырды.

Семинар спикері ҚРКФ Оқу орталығының директоры Ләззат Есжанова болды.
Оқу барысында еңбек құқығы саласының сарапшысы қатысушыларды басқарудың психологиялық қырларымен, еңбек даулары мен даулардың алдын алу және оларды шешу жолдарымен таныстырды. Сонымен бірге семинарда қызметкерлердің эмоционалдық жағдайын қолдау мәселесі де сөз болды. Бұдан бөлек, 2026 жылы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек жағдайларының қауіпсіздігін жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жеке бағыт ретінде қарастырылды.

Шара барысында қатысушылар еңбек заңнамасының өзекті мәселелерін қарастырып, нақты жағдайларды сараптады, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, еңбек құқығын қорғау, даулардың алдын алу және қауіпсіз жұмыс жағдайын қамтамасыз ету бойынша жан-жақты түсініктеме алды.
«Кәсіподақ құрылымының деңгейіне қарамастан, кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғап жүрген кәсіподақ жұмыскерлері еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі бойынша өз білімі мен дағдыларын үнемі арттырып отыруы тиіс. Әсіресе заңнаманың үнемі өзгеріп жатқанын ескерсек, бұл өте маңызды», — деп кеңес берді Ләззат Есжанова әріптестеріне.

Семинар соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Өңірлерде мұндай оқыту шараларын өткізу кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, кәсіби білімін жетілдіруге және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуға үлкен үлес қосады.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы