Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы делегациясының «Кәсіподақ десанты» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары БҚО Кәсіподақтар орталығы Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысымен аяқталды.

Жиында кәсіподақ қозғалысының өкілдері бас қосып, еңбек құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелерін, цифрландыру барысын және әлеуметтік әріптестікті дамыту жолдарын талқылады.
Отырысты Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева ашты. Ол лайықты еңбек қағидаттары мен әлеуметтік әділдікті ілгерілетудегі кәсіподақтардың рөліне тоқталды.
«Бұл қағидаттарды дәріптеуде кәсіподақтарға айрықша рөл жүктеледі. Кәсіподақтар жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайды, әділ еңбек саясатын қалыптастыруға, әлеуметтік әріптестікті дамытуға және кемсітушіліктен қорғау механизмдерін жетілдіруге белсене қатысады», — деді Гүлнәр Жұмагелдиева.
Жиын барысында қатысушыларға Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты координаторы Саранго Раднарагчидің бейнежолдауы ұсынылды. Кездесуде талқыланған басты тақырыптардың бірі — БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі, оның ішінде лайықты еңбекті қамтамасыз ету, әлеуметтік теңсіздікті азайту және халықтың өмір сүру сапасын арттырудағы кәсіподақтардың маңызы болды.
Кәсіподақтық коммуникация орталығының директоры Гүлмира Қаракөзова бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасаудың, ақпараттық жұмысты жандандырудың және кәсіподақ қызметін қоғамға дұрыс жеткізудің маңыздылығын айтып берді. Ол жұмыскерлердің құқығын қорғап қана қоймай, атқарылған жұмыстардың нәтижесін, бастамалар мен адамдарға көрсетілген нақты көмектер туралы қоғамға үнемі ашық айтып отыру қажеттігін баса айтты. Себебі тиімді коммуникация кәсіподақ қозғалысына деген сенімді арттырып, оның абыройын нығайта түседі.
Отырыста кәсіподақ қызметін цифрландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. «ҚПО б.в. және мердігер компаниялар жұмыскерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» бастауыш кәсіподағының төрағасы Медет Үмбетқалиев Қарашығанақ жергілікті кәсіподағының цифрлық кабинетін енгізу тәжірибесін таныстырды. Сондай-ақ ол кәсіподақ мүшелерімен байланысты әлдеқайда қолайлы әрі жедел етуге мүмкіндік беретін арнайы мобильді қосымшаны жасау бастамасын ұсынды.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ қызметін цифрландыру, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және кәсіподақ мүшелерімен өзара байланыс тиімділігін арттыру жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізіп келеді.

Ал «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы Батыс Қазақстан облысы филиалының атқарған жұмыстары туралы Махамбет Құсайынов баяндады. 2026 жылы филиалға еңбекақы төлеу, еңбек қатынастары және кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғауға қатысты 100-ден астам ресми өтініш түскен.
«Біздің басты міндетіміз — медицина қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға, лайықты жалақы төлеуге және әлеуметтік әріптестікті дамытуға ықпал ету», — деп атап өтті Махамбет Құсайынов.
Отырыс ашық диалог форматында аяқталды. Қатысушылар кәсіподақ десантының өкілдеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерді ортаға салды және кәсіподақ қозғалысын әрі қарай дамыту бағыттары бойынша пікір алмасты.
Шара соңында кәсіподақ жүйесіндегі көпжылдық жемісті еңбегі, кәсіподақ қозғалысының қалыптасуына, бірлігін нығайтуға және дамуына қосқан айтарлықтай үлесі үшін Марс Хайруллин Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Қазақстан Кәсіподақ қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ол — «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (ҚПО Б.В) компаниясы жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Кәсіподақ десанты аясындағы мұндай кездесулер тәжірибе алмасудың, ынтымақтастықты нығайтудың және жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы заманауи тәсілдерді талқылаудың маңызды алаңына айналды.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы