Сәрсенбі, 28 қазанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» оқыту жобасының сегізінші легі аясында кәсіподақ белсенділеріне арналған кезекті семинар өтті.

ҚРКФ Оқу орталығының дәріскері Майра Боранбаева қатысушыларға «Еңбек даларының алдын алу, Келісу комиссиясы және жеке еңбек дауларын қарау тәртібі» тақырыбында дәріс оқыды.
Оқыту барысында еңбек дауының туындау себептері, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер арасындағы келіспеушіліктерді реттеу жолдары, еңбек құқықтарын қорғаудағы кәсіподақтардың рөлі жан-жақты қарастырылды.
Майра Боранбаева Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіндегі нормаларға сүйене отырып, еңбек қатынастарын реттеуде заң талаптарын сақтау мен жұмыскерлердің құқықтарын қорғаудың маңыздылығына тоқталды.
«Еңбек қатынастарында тараптардың құқықтары мен міндеттері заң талаптарына сәйкес реттелуі керек. Еңбек заңнамасын дұрыс қолдану, туындаған келіспеушіліктерді уақытылы талқылау және өзара келісімге келу – еңбек дауларының алдын алудың маңызды шарттары», – деп атап өтті дәріскер.
Оқу барысында келісу комиссиясының құқықтық мәртебесі, оны құру тәртібі, құрамы мен өкілеттіктері, өтініштерді қабылдау және тіркеу, дауларды қарау мерзімдері, сондай-ақ комиссия шешімдерін қабылдау және орындау тәртібі баяндалды.

Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 159 және 160-баптарының талаптары, жеке еңбек даулары бойынша келісу комиссиясына және сотқа жүгіну тәртібі мен мерзімдері түсіндірілді.
«Тәжірибеде келісу комиссиясының тиімділігі оның құрылу фактісіне ғана емес, құрамының заңдылығына, ішкі регламенттің сапасына, өкілдердің тәуелсіздігіне және комиссияның еңбек заңнамасын уәжді түрде қолдану қабілетіне де байланысты. Оның шешімдері заң талаптарына сай қабылданып, негізделуі және белгіленген тәртіппен орындалуы тиіс. Сондықтан комиссия мүшелері еңбек заңнамасын жақсы меңгеріп, әрбір дауға мұқият әрі әділ қарауы қажет», – деді Майра Боранбаева.
Дәріскер келісу комиссиясының тұрақты жұмыс істейтін орган ретіндегі маңызын атап өтіп, оның құрамында жұмыс беруші мен жұмыскерлер өкілдерінің тең қатысуы және шешім қабылдау кезінде заң талаптарының сақталуы қажеттігіне назар аударды.
Қатысушылар дәріскерге сұрақтар қойып, келісу комиссияларының қызметіне және жеке еңбек дауларын қарау тәжірибесіне қатысты жауаптар алды. Талқылау барысында еңбек заңнамасының нормаларын тәжірибеде дұрыс қолданудың және кәсіподақ өкілдерінің құқықтық ұстанымын сауатты қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.

«Кәсіподақ көшбасшысы үшін еңбек заңнамасын білу ғана жеткіліксіз. Ол жұмыскердің құқығын қорғап, еңбек қатынастарындағы мәселенің мәнін дұрыс бағалап, тараптар арасында сындарлы диалог орната білуі керек», – деп түйіндеді дәріскер.
«Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» аясындағы мұндай сабақтар кәсіподақ белсенділерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, құқықтық білімін тереңдетуге және еңбек қатынастарында туындайтын мәселелерді заң аясында шешу дағдыларын дамытуға бағытталған.