Еңбек адамы: Меруерт Бұхардиннің өнер әлеміндегі өрнекті жолы

Салалық және өңірлік жаңалықтар 29.10.2026

Еңбек адамы: Меруерт Бұхардиннің өнер әлеміндегі өрнекті жолы

Адам баласының еңбекпен шыңдалып, өнермен өрге жүзетіні хақ. Бүгінгі таңда еліміздің мәдениеті мен өнерін өркендетуге өзіндік үлес қосып, музыка әлемінде өзіндік өрнегін қалыптастырып келе жатқан жас та талантты мамандардың бірі - хормейстер, дирижер әрі бүгінде «Шымкент концерт» концерттік ұйымының талантты әншісі Меруерт Қайратқызы Бұхардин.


  Меруерт Қайратқызы Түркістан облысы, Жетісай қаласы, Мақтаарал ауданына қарасты Асықата кентінде дүниеге келген. Бала күннен өнерге құштарлығы оны үнемі ізденіс пен еңбекқорлыққа баптады. Ол Асықата кентіндегі «Жеңіс» мектеп-гимназиясын аяқтаған соң, жүрек қалауымен оңтүстіктің мәдени орталығы - Шымкент қаласына жол тартады. Онда Шымкент Саз колледжінің «Хор дирижері» мамандығына оқуға түсіп, 2020 жылы «Оқытушы, хормейстер» біліктілігін ойдағыдай тәмамдап шығады. Кәсіби шыңдалу жолын әрі қарай тереңдетуді мақсат еткен Меруерт дәл сол жылы Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Музыкалық орындаушылық» факультетіне, «Хорда дирижерлік ету» бөліміне оқуға түсті. Төрт жылдық білім нәтижесінде 2024 жылы осы білім ордасынан «Хорды дирижерлеу» мамандығы бойынша «Өнер» бакалавры дәрежесін алып шықты.


  Студенттік жылдардан-ақ өзінің біліктілігі мен шеберлігін танытқан Меруерт көптеген беделді байқауларда топ жарды. Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өткен Республикалық кіші олимпиадада «Хор мамандығы» бойынша I дәрежелі дипломды жеңіп алса, «Eurasia Piano Forum» VII халықаралық конкурсында жеке орындаушылық және полифониялық орындау номинациялары бойынша III жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ композитор К. Чернидің 230 жылдығына арналған «Ең үздік этюд орындаушысы» дипломымен, «Kazakh choralfest» I халықаралық хор дирижерлары байқауының I дәрежелі дипломымен және «Шабыт» XXV Халықаралық шығармашыл жастар байқауының сертификатымен марапатталды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсіміне белсенді қатысқаны үшін берілген Алғыс хат та оның қоғамдық белсенділігінің айқын дәлелі.


  Еңбек адамының тағы бір қыры - оның ұстаздық жолындағы нәтижелі еңбегі. Студенттік кезеңде-ақ Астана қаласындағы «Рондо» шығармашылық мектебінде балаларға вокал мен фортепиано аспабынан сабақ беріп, жас дарындарды өнерге баулыды. Оның дайындаған шәкірттері де халықаралық «Бала шабыты» және «Unistar-Астана» көпжанрлы конкурс-жобаларында биік көрсеткіштерге жетіп, Меруерт Қайратқызы ұйымдастырушылар тарапынан арнайы Алғыс хаттарға ие болды.
  Бүгінгі таңда Меруерт Бұхардин «Шымкент концерт» концерттік ұйымында әнші ретінде жемісті қызмет етіп, өнерсүйер қауымға өз өнерін ұсынып келеді. Осы өнер жолындағы жарқын белестердің бірі – қазан айында Ақтау қаласында өткен «Каспий - Достық теңізі» халықаралық эстрадалық вокал фестиваль-байқауында орын алды. Аталмыш байқауда өнерпаз толайым табысқа жетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Каспий жағалауын мекендеген халықтардың бай мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға елеулі үлес қосқан Меруерт өзінің жоғары орындаушылық шеберлігімен, сыңғырлаған үнімен және ерекше сахналық мәдениетімен көрермен мен халықаралық қазылар алқасын тәнті етті.


  Дирижерлік таяқшаны да, фортепиано пернелерін де, әншілік өнерді де қатар меңгерген, педагогикалық жолда жауапкершілікті ту еткен Меруерт - өз ісіне адал заманауи еңбек адамы. Талап пен таланты тоғысқан дарынды әншінің бұл биік асуды бағындыруы - оның өнер жолындағы қажырлы еңбегінің жемісі әрі ел мәдениеті мен «Шымкент концерт» ұжымы үшін үлкен мақтаныш. 
  Толағай табыстар мен қажырлы еңбек ұштасқан жас өнерпаздың алдағы уақытта да қазақ музыка өнерінің көгінде биік шыңдарды бағындыра берері анық.